Қолданыстан шығып, ұмыт бола бастаған баспақ, шашқап, белдемше секілді тұрмыстық бұйымдар да осы реставрация көмегімен сақталып қалған. Ұлттық музейде дәстүрлі киім мен тұрмыстық бұйымдарды қалпына келтіру, музей жәдігерлерін сақтау және реставрация саласына маман даярлау мәселелері сөз болды.
Тұрсынкүл Жайлаубаеваның реставраторлық жолы классикалық білім алған маманның өмірбаянына ұқсамайды. Оның айтуынша, он жылдық қана білімі және тігіншілікке икемі болған.
— Мен жай ғана тігіншімін. Ілияс Жансүгіровтың қызы Үміт тәтемен жақын туыстай араласып жүрдік. Сол кісі «Қолдарыңнан бірдеңе келеді екен. Музейге барсаңшы» деді. Жарайды деп, киізден жасап алған дорбамды асынып, музейге келдім. Бірден жұмыс алды, — деп еске алады Тұрсынкүл Жайлаубаева.
Тұрсынкүл Жайлаубайқызы 1980-1983 жылдары Алматы қаласында Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ұйымдастырылған «Қазмузреставрация» мекемесінде еңбек жолын бастады. Ал 1983 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде І дәрежелі реставратор атанды.
Бұдан бөлек, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етті. Кейінірек 2006 жылы Астана қаласына қоныс аударып, ҚР Президенттік мәдениет орталығында, 2014-2017 жылдары — ҚР Ұлттық музейінің Консервация және реставрация қызметінде жоғары санатты суретші-реставратор қызметін атқарды.
Оның есімі әсіресе Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» екінші реконструкциясымен байланысты. 1994 жылы Тұрсынкүл Жайлаубаева оның киімінің пішімі мен кесілу үлгісін әзірлеуге атсалысты. Кейіпкеріміз VI ғасырда өмір сүрген Пазырық қызының киімін, Сақ көсемінің киімдерін қалпына келтіріп, тарихсүйер қауымға ұсынды.
— Алтын адамның киімін жаңадан тігіп шықтық деуге болады. Оны қалпына келтіру үшін қойдың иленген терісін берді. Бар білгенімді қызыма үйреткенмін. Сол қызымыз екеуміз өзіміз пішіп, өзіміз тіктік. Бастапқыда еш ақпарат болмады, тарихи деректерді қарап, ізденіп, Сақ деген бабаларымыз болғанын білдік. Теріні біз инемен тігу оңайға түскен жоқ. Бас-аяғы бес-алты ай уақыт кетті, — дейді белгілі реставратор.
Шебердің қолымен қайта жаңғырған жәдігерлердің қатарында Абылай ханның қамқа шапаны мен Қаз дауысты Қазыбек бидің зерлі шапаны да бар. Жәдігерлердің бастапқы қалпы адам көргісіз болды, деп еске алады. Шапанның бір бөлігі бүлінген, кей тұстары кесіліп алынған. Сондықтан мамандар Бұқараға барып, тарихи үлгіге ұқсас мата мен жіп тауып, қастерлі киімдерді қайта жаңғыртқан.
— Бәрінің астары жоқ, материалдың өзі шіри бастаған, одан кейін адамдар ырымдап шапанның шетінен жағасына дейін кесіп ала берген. Тіпті шапандардың бас-аяғы қайда екенін таппадық. Өте ауыр жұмыс болды. Бабаларымыздың әруағы разы болсын, «Біз тікпесек, мұндай жұмыспен кім айналысады?» деп, еңбектендік. Қазір де музейлерге ештеңені лақтырмаңдар деп айтып отырамын. Бүлінген жәдігерлерді лақтыруға құмар. Шетел болса, әрбір бұйымын сақтауға тырысар еді, — дейді Тұрсынкүл әжей.
Тұрсынкүл Жайлаубаева қалпына келтірген жәдігерлер бүгінде Қазақстанның және шетелдің бірқатар музейінде сақтаулы. Олардың арасында Оралдағы Чапаев музейіндегі сулық, Қостанай музейіндегі XIII ғасырға жататын зерлі камзол мен сұлтанның парша шапаны, Орталық музейдегі дәстүрлі бас киімдер мен аяққаптар бар. Украинадағы Тарас Шевченко музейінің сұранысымен адай руына тән бөрік те қайта жасалған.
— Тұрсынкүл Жайлаубаеваның баспақ, шашқап, белдемше секілді ұмыт бола бастаған дәстүрлі бұйымдарды, сондай-ақ сақ дәуірі мен XVIII ғасырдағы қазақ әйелдерінің киім үлгілерін қайта жаңғыртты. Бұл жұмыстардың ғылыми-зерттеу, тәрбиелік және мәдени-ағартушылық маңызы зор. Оның еңбектері Қазақстан музейлерінің қорларын толықтырып қана қоймай, шетелдік музейлерде қазақтың дәстүрлі мәдениетін танытуға да қызмет етіп келеді, — деді Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтап жүрген реставраторлар көп емес. Тіпті Ұлттық музей мамандарының айтуынша, елде ғылыми музейлік реставрация саласында кәсіби кадр тапшылығы айқын сезіледі.
Ұлттық музейдің Консервация және реставрация бөлімінің басшысы Дана Досаеваның айтуынша, музейдегі ғылыми реставрацияны тұрмыстық заттарды жөндеумен шатастырмау керек. Оның өзіндік ғылыми әдістері, технологиясы мен талаптары бар.
— Қазір бұл бағытты ЖОО-лардың оқу процесіне енгізу мәселесі қарастырылып келеді. Бұған дейін Астанадағы Шабыт өнер университеті мен Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы реставрация бойынша жекелеген пәндерді оқытты. Ұлттық музейде бүгінде Консервация және реставрация қызметінде 19 маман бар. Оның үшеуі — Шабыттан келген түлектер. Қалған мамандардың бір бөлігі музейге жұмысқа келген соң, тәжірибелі реставраторлардан тәлім алып, үйреніп шықты, — деп түсіндірді Дана Досаева.
Музей шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағытында да жұмыс істеп келеді. Ал тарихи жәдігерлердің материалдық құны туралы айтқанда, реставраторлар олардың сақталуының мәнін тек ақшамен өлшеуге болмайтынын атап өтеді.
— Құқықтық тұрғыда сақтандыру үшін кей заттардың құндылығын бағалауға болады, бірақ тарихи тұрғыдан олар — баға жетпес дүниелер, — дейді музей маманы.
Оның айтуынша, сақтауды қажет ететін жәдігерлердің қатарында археологиялық нысандар да көп. Кей жағдайда бюджет мәселесі шешілгенше тарихи нысанның өзі бүлініп кетуі мүмкін. Сондықтан далалық консервация, яғни жәдігерді немесе археологиялық нысанды бұзылудан уақытша қорғау тәсілдерін дамыту маңызды.
— Жәдігерді қалпына келтірудің өзі жеткіліксіз. Оны кейін дұрыс сақтау қажет. Музейлердің өзінде де сақтау жағдайлары әркелкі. Температура, жарық, ылғалдылық және арнайы жабдықтар тарихи заттардың сақталуына тікелей әсер етеді, — дейді бөлім басшысы.
Айта кетейік, Абай театрында жаңартылған интерактивті музей ашылды.