«Алтын дән» жәрмеңкесінде 1000 тоннадан астам өнім сатылды

Бүгін егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын дән – 2023» мерекесі аясында Қызылорда облысы орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметі

Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жәрмеңкеде барлық аудан мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынған. Ауылдардан 425 жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім әкелінді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен бірге жәрмеңкені аралап, халықпен сөйлесті.

Сыр диқандары 286 млн теңгенің 1020,6 тонна өнімін ұсынып отыр. 

Фото: Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметі

Саудаға 140 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет, 30 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 90 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидектер, 200 тонна бақша өнімдері, 115 тонна асқабақ, 6 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 140 бас тоқты, 50 тоннадан астам жем-шөп қойылған. 

Фото: Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметі

Алдағы уақытта «Алтын дән» мерекесі барлық аудан мен Қызылорда қаласында жалғасын тауып, ауыл шаруашылығы үздіктері марапатталатын болады. 

Фото: Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметі