Алтын-Емел ұлттық паркі аумағында ілбіс камераға түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында ерекше оқиға тіркелді, деп хабарлайды парктің баспасөз қызметі.

Фото: Алтын-Емел ұлттық паркі

Парк қызметкері, мемлекеттік инспектор Ерлан Молдахметов кезекті аумақты бақылау кезінде ілбісті видеоға түсіріп үлгерді.

— Бұл — сирек кездесетін әрі аса құнды кадрлардың бірі. Ілбіс — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жыртқыш аң, оның табиғи ортада еркін жүріп-тұруы экожүйенің тұрақтылығы мен қорғалуының маңызды көрсеткіші саналады, — делінген хабарламада.

Аталған дерек ұлттық парк аумағында жүргізіліп жатқан табиғатты қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау жұмыстарының нәтижелілігін айғақтайды.

Осыдан бұрын ақпан айында Алматы қорығында күшіктерін ерткен ілбіс фототұзаққа түскенін жазғанбыз.