«Алтын-Емел» ұлттық паркінде тауешкілер тобы фототұзаққа түсті

АСТАНА. KAZINFORM – «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзақ тауешкілер тобының таулы аймақта еркін қозғалып жүрген сәтін тіркеді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фото: Видеодан алынған скрин

Тауешкілер негізінен тік жартастар мен тау беткейлерін мекендейді. Адамға жүруге қиын көрінетін құзды жерлерде бұл жануарлар еркін қозғала алады.

Мамандардың мәліметінше, бұған тауешкілердің мықты аяқтары мен жартастың кедір-бұдырын берік ұстайтын тұяқтарының құрылысы мүмкіндік береді.

– Биіктік пен тік жартастар олар үшін кедергі емес, керісінше табиғи ортасының бір бөлігі. Осындай жерлерде тауешкілер қорек іздеп, қауіп төнген жағдайда құзды беткейлерге жылдам көтеріле алады, – делінген хабарламада.

Бұл жолы ұлттық парк аумағына орнатылған фототұзақ тауешкілердің табиғи мекеніндегі тіршілігінің кезекті сәтін бейнеге түсірген.

Фототұзақтар жабайы жануарларды табиғи ортасында мазаламай бақылауға және олардың мекендеу аумағындағы қозғалысын тіркеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Алтын-Емелде фототұзаққа ілбіс түсті.