«Алтын Емелде» Қызыл кітапқа енген дала қыранының екі ұясы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Сирек кездесетін дала қыранының ұяларына фототұзақ орнатылды, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

2026 жылғы 16–17 маусым күндері «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Басши орманшылығы аумағында кезекті далалық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Зерттеу барысында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген дала қыранының (Aquila nipalensis) екі ұясы анықталды. Мамандар ұяларға фототұзақтар орнатып, олардың географиялық координаттарын белгілеп, құстардың мекендеу ерекшеліктеріне қатысты ғылыми бақылау жұмыстарын жүргізді.

Парк мамандарының айтуынша, аталған зерттеулер сирек кездесетін жыртқыш құстардың популяциялық жағдайын бағалауға, таралу аймағын бақылауға және оларды қорғау шараларын жетілдіруге бағытталған.

— Дала қыраны — Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін құс түрлерінің бірі. Сондықтан оның ұялайтын орындарын анықтау және тұрақты мониторинг жүргізу биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы маңызды жұмыстардың қатарына жатады. Ғылыми зерттеулер алдағы уақытта да жалғасады, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Ертіс орманында сирек кездесетін тарғақ құсы көзге түскенін жазған едік.