Алтын, күміс, мыс, мырыш кендері бар 39 учаске аукционға шығарылды

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар жүргізу үшін жер қойнауы учаскелері бойынша электрондық аукцион жариялады.

Электрондық аукцион 2025 жылы 19 қыркүйек күні сағат 11:00–де e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы өткізіледі. Аукционға қатысу құқығы үшін жарнаның мөлшері 100 (жүз) АЕК құрайды. Қатысу құқығы үшін жарнаны өтініш беруші e-qazyna.kz веб-порталдағы электрондық әмиянға енгізеді. Кепілдік жарнаның мөлшері қол қою бонусының бастапқы мөлшерінің бес еселенген мөлшеріне тең.

Жалпы аукционға 39 жер қойнауы учаскесі шығарылып отыр. Олардан алтын, асбест, марганец, темір, қорғасын, мырыш, күміс, полиметалл кендері, алтын сульфиді, никель, кобалть, көмір, кварц, мыс, қорғасын, барит, бор, родиуст-асбест өндіріледі.

Бұған дейін елімізде күміс, көмір және сирек кездесетін металдардың 50 кен орны бойынша электрондық аукцион ұйымдастырылатынын жазған едік.