Алтын мен күміс: Қазақстандық шабандоздар Польшада қос жүлдені қатар иеленді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық екі спортшы Польшада өтіп жатқан Wierzbna Biały Las CSI1,3* халықаралық турнирінде жоғары нәтиже көрсетті. Big Tour маршрутының қорытынды хаттамасында бірінші және екінші орын алды.

Фото: ҚР АСФ

Бірінші орынды Раиса Соколенко Chevalier атымен жеңді. Халықаралық жарыс алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, еліміздің спортшылары маршрут қорытындысы бойынша алғашқы екі орынға жайғасты.

Маршрут Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережелеріне сәйкес бір айналымда жылдамдыққа орындалды.

Раиса Соколенконың нәтижесі ерекше атап өтуге лайық. Ол ең жақын қарсыласынан 5,59 секундқа озып, маршрутты айқын басымдықпен аяқтады.

Ал Олег Соколенко мен Shenanigan тұрақты әрі сенімді өнер көрсетті. Айып ұпайынсыз өткен маршрут және екінші нәтиже Қазақстанға халықаралық аренада өзіндік «алтын дубль» жасауға мүмкіндік берді.

Польшалық спортшы Malgorzata Koszucka V-Querida of Vigo Z атымен маршрутты айып ұпайынсыз аяқтап, 65,57 секунд нәтижесімен үшінші орынға ие болды. Төртінші орынға Австрия өкілі Christian Rhomberg орналасты, оның нәтижесі - 65,59 секунд.

Жалпы, 15 спорттық жұптың тек жетеуі ғана маршрутты айып ұпайынсыз аяқтады. Қалған қатысушылар 4-тен 16-ға дейін айып ұпайын алды.

Әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарға қатысу Ұлттық құрама спортшылары мен спорттық аттарға еуропалық маршруттарда тәжірибе жинақтауға, шеберліктерін жетілдіруге және маусымның негізгі халықаралық старттарына жүйелі түрде дайындалуға мүмкіндік береді.