Алтын Ордаға арналған жаңа коллекциялық монета шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық банкі «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «ALTYN ORDA» коллекциялық монетасын айналысқа шығарады.

Фото: Ұлттық банк

Монетаның сатуға қашан шығарылатыны туралы ақпарат ҚҰБ ресми сайтында қосымша хабарланады.

Алтын Орда – XIII-XV ғасырларда Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени дамуына елеулі ықпал еткен аймақтағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Ол Шығыс пен Батыс арасындағы тұрақты сауда байланысын қамтамасыз етіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық алыс-берістің жандануына, сондай-ақ көпұлтты әрі көпконфессиялы кеңістіктің қалыптасуына негіз болды. 

Алтын Орданың тарихи мұрасы Ұлы даланың мың жылдық өркениет сабақтастығын паш ете отырып, қазіргі Қазақстан аумағын қоса алғанда, Еуразия мемлекеттілігі мен халықтарының мәдени бірегейлігін айқындауда маңызды орын алады. Бұл дәуір қала мәдениетінің, қолөнердің, ақша жүйесі мен дипломатиялық қатынастардың қарқынды дамуымен сипатталады. Коллекциялық монетаны шығара отырып сол дәуірді зерделеу тарихи жадыны сақтауға, мәдени мұраны насихаттауға және мемлекеттілік жолындағы маңызды кезеңдерді дәріптеуге бағытталған. 

Алтын жалатылған монета 925 сынамалы күмістен тұрады, массасы 62,2 грамм, диаметрі 50 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы 2 000 теңгелік, таралымы – 1 000 (бір мың) дана.

Монета Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарға есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.

Монета Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Айта кетелік FIFA WORLD CUP 2026 коллекциялық монеталары айналысқа шығатыны туралы жазған едік