Алтын орданың ақша сарайы: Сыр бойында теңге қалай соғылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы Жалағаш ауданының аумағында Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай Жент қалашығы орналасқан.

Фото: тарихшы Дархан Ілиясовтың архивінен

Археологиялық және нумизматикалық зерттеу нәтижесі онда бірнеше тарихи кезеңде ақша сарайы жұмыс істегенін көрсетті. Ғалымдар сарай жұмысының белсенділігі негізгі екі дәуірге тұспа-тұс келетінін айтып отыр.

— Біріншісі — Хорезмшах кезеңі, яғни ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басы. Бұл уақытта Жент Хорезм мемлекетінің Сырдария бойындағы басты әскери-әкімшілік орталығы болды. Қалада мұсылмандық үлгідегі алтын динарлар мен мыс дирхемдер соғылды. Теңгелерде көбіне билеушінің есімі мен Жент қаласының атауы анық көрсетілді. Екіншісі — Алтын Орда немесе Жошы ұлысы кезеңі. Бұл дегеніміз — ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасыр. Моңғол шапқыншылығынан кейін қала тез қалпына келіп, Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі ең ірі сауда хабына айналды. Ақша сарайы ХІІІ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап қайтадан жанданып, империялық деңгейдегі теңге айналымына үлес қосты. Жент жұртынан табылған монеталар негізінен алтын, күміс және мыстан жасалған. Қаладан алтын монеталар сирек табылғанымен, олардың тарихи құны өте жоғары. Алтын динарлар негізінен халықаралық ірі сауда-саттықта Иран, Үндістан, Қытай сияқты алыс елдерден келген көпестермен есептесу үшін қолданылған. Теңге бетіне Құран аяттары немесе халифалардың есімі каллиграфиялық араб жазуымен қашалған, — деді тарихшы Дархан Ілиясов.

Фото: тарихшы Дархан Ілиясовтың архивінен

Күміс теңгелер ішкі және аймақтық сауданың негізгі қозғаушы күші болды. Тарихшы Алтын Орда дәуірінде, әсіресе, Мөңке, Берке және Тоқта хандардың тұсында Жентте соғылған күміс дирхем бетінде Жошы ұлысының ресми белгісі — «Тарақ таңба» бейнеленгенін атап өтті.

— Теңгенің бір бетінде «Сұлтан әл-ғаділ» (Әділ сұлтан) деген жазу болса, екінші бетінде оның соғылған жері ретінде «бәләд Жент» (Жент қаласы) немесе «Мәдінат ал-Жент» деп жазылды. Қалашықтың орнынан мыстан соғылған пұл көптеп табылған. Ол қала ішіндегі күнделікті нан, ет, мата, қыш ыдыстар сияқты ұсақ-түйек сауда кезінде қолданылған. Мыс пұлдың дизайны ерекше, оларда жазу ғана емес, түрлі анималистік бейне кездеседі. Мысалы, барыс, арыстан, қосбасты бүркіт, күн мен арыстан, геометриялық өрнектер — сегіз қырлы жұлдыз, тоқыма өрнектер салынған. Женттен Сарайшық, Сарай-Бату, Бұлғар, Хорезм, Самарқанд, тіпті Қырым мен Иран қалаларының теңгелері табылды. Бұл қаланың ғаламдық сауда торабында тұрғанын дәлелдейді. Онда жазылған хан есімдері мен хижра жыл санауы бойынша соғылған жылы Женттің қай уақытта қай ханның иелігінде болғанын, Ақ Орда мен Көк Орда арасындағы шекаралардың қалай өзгергенін анықтауға мүмкіндік береді. ХIV ғасырдың ортасында инфляция байқалды, яғни теңгелердің салмағы мен құрамындағы күміс азайып кеткен. Бұл Алтын Ордадағы ұлы дүрбелең жылдарындағы экономикалық құлдыраудың Жентке де әсер еткенін айқындайды, — деді ол.

Фото: тарихшы Дархан Ілиясовтың архивінен

Алтын Орда сарайында соғылған кейбір теңгенің бетінде «Бақытқа соғылған теңге» дегенге келетін ізгі сөз жазылған. Бұл ақшаның төлем құралы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік үгіт-насихат пен мәдениеттің де бөлшегі болғанын көрсетеді.

— Шығыс нумизматикасында, оның ішінде Алтын Орда, яғни Жошы ұлысы дәуірінде ақша сарайларында соғылған теңгелерге ізгі тілектер мен саяси-рухани ұран жазу үрдісі кең етек алған. Ең танымал әрі мәнді тіркес — араб тіліндегі «Сурриба бәләд Жент» (Жент қаласында соғылды) деген жазумен қатар жүретін «Маймун» немесе «Мубарак» (Бақытты, берекелі, құтты) сөздері. Мұның бірнеше маңызды себебі бар. Жент — халықаралық керуен жолдарының тоғысқан тұсы. Әр елден келген көпестер мен жергілікті халық ақшаның құнына, құрамындағы алтын мен күмістің тазалығына күмән келтірмеуі керек еді. Теңгедегі «берекелі» немесе «бақытты» деген жазу билеушінің ақша реформасына және оның сапасына берген уәдесі іспетті болды. Орта ғасырлардағы шығыс қоғамы нышандар мен сөздің құдіретіне үлкен мән берген. Қалтасында немесе әмиянында «Бақытты/Берекелі» деген жазуы бар теңгені ұстаған адам «бұл ақша маған құт әкеледі, саудама береке береді» деп сенген. Мұндай теңгелер Жент қаласының және оны билеп тұрған Алтын Орда немесе Ақ Орда хандарының экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын сырт көзге паш етудің таптырмас насихат құралы еді. Ізгі сөздер көбіне теңгенің ортасындағы шаршының немесе сегіз қырлы жұлдыздың ішіне көркем каллиграфиялық қолтаңбамен жазылатын. «Бақыт» сөзі жазылған мыс пұлдың екінші бетінде көбіне күннің көзі, арыстан, балық немесе өмір ағашы бейнеленген. Шығыс мәдениетінде бұл байлықтың, ұзақ ғұмыр мен сәттіліктің символы болып саналған, — деді тарихшы.

Айта кетейік, ислам мәдениетінің Сыр өңіріндегі басты орталығы саналатын Жент қаласында сондай-ақ зәулім мешіттер, медреселер мен ірі кітапханалар жұмыс істеген.