«Пустынное» кен-байыту комбинатында қызметкердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша жүргізіліп жатыр.
– Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.
Қарағанды облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметіне сәйкес, оқиға 23 шілде күні Ақтоғай ауданындағы «Пустынное» кен-байыту комбинатының аумағында болған. Қалдық барабанын тазалау кезінде 31 жастағы машинист жұмыс істеп тұрған конвейерге тартылып кеткен. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
– Оқиғаға байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті арнайы комиссия құрды. Тергеу қорытындысы шыққаннан кейін оның нәтижелері қосымша хабарланады, – деді Қарағанды облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Мәди Әлжан.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 23 шілде күні шамамен сағат 11:30-да «АК Алтыналмас» АҚ-ның өндірістік нысандарының бірі саналатын «Пустынное» кен-байыту комбинатының аумағында болған.
Компания бұған дейін қызметкердің қаза тапқанын растаған және оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында ішкі қызметтік тексеру басталғанын хабарлаған.