«Алтынемел» табиғи паркінде жүрген ілбіске GPS құрылғысы орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM — «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде тағы бір ілбіске GPS құрылғысы сәтті орнатылды. Алдағы уақытта қосымша 2 түз тағысына навигациялық құрылғы орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
- Спутниктік қондырғылар – бұл жануарлардың қозғалысы туралы мәліметті мамандарға жіберіп, олардың көші-қонын зерттеуге, қауіп-қатерлерді анықтауға және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретін арнайы мойындықтар. Бұл мойындықтар толықтай экологиялық әрі қауіпсіз, - деп жазды ведомстводан.
Бірегей іс-шара ұлттық парктің қызметкерлері, Ғылым комитеті және Зоология институтының жетекші мамандарының тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асырылуда.
Мамандардың деректері бойынша биыл белгіленген бұл қар барысы – зерттеу басталғалы тіркелгендердің ішіндегі ең ірісі.
Қазақстандағы ілбістерді қорғау және зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, Катонқарағайда екі аланын ертіп бара жатқан ілбіс фототұзаққа түсіп қалды.