Алтыншы жолдама: Бекзад Нұрдәулетов әлем кубогының финалына шықты

Фото: Динара Ақылжанова/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - Елордадағы World Boxing аясында өтіп жатқан әлем кубогында Бекзад Нұрдәулетов  (85 келі) финалдық кезеңге өтіп, алтынға таласуға мүмкіндік алды. 

Отандасымыз жартылай финалда түркиялық Самет Эрсоймен қолғап түйістіріп, қарсыласын айқын басымдылықпен жеңді. Үш раунд бойы түркиялық боксшыны соққының астына алған Бекзад, үшінші раундта оны нокдаунға жіберді.

Б. Нұрдәулетов 1999 жылы дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алса, 2024 жылы Азия чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. 2020 жылдан бері кәсіпқой бокста да шаршы алаңға шығып жүр.

Енді ел құрамасынан кешкі сессияда Алуа Балқыбекова (51 келі), 57 келі. Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Надежда Рябец (75 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады. 

Айта кетсек, қазірге дейін Нұрбек Оралбай (80 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды. 

Жартылай финалға Қазақстан атынан 14 боксшы жолдама алған болатын.