Альцгеймер ауруына қандай адамдар төзімді — ғалымдар зерттеуі

АСТАНА. KAZINFORM — Австралиядағы Мердок университеті мен АҚШ-тағы AdventHealth медициналық орталығының ғалымдары Альцгеймер ауруының миға әсерін әлсіретуге болатын факторларды анықтады. Зерттеу нәтижелері Medical Xpress басылымында жарияланған, деп хабарлайды Report .

Фото: Report

Зерттеу аясында АҚШ-та өз бетімен өмір сүретін, жасы 65 пен 80 аралығындағы 600-ден астам адам тексерілді. Бұл қатысушылардың есте сақтау қабілетіне немесе деменцияға байланысты ресми диагнозы болмаған.

Қатысушылардың жағдайын бағалау үшін мамандар қан талдауы мен магниттік-резонанстық томографияны (МРТ) қолданды. Осы әдістер арқылы Альцгеймер ауруына тән ерте патологиялық өзгерістер анықталды. Сонымен қатар олардың когнитивтік қабілеттері де тексерілді: зейін, жұмыс жады, ақпаратты өңдеу жылдамдығы және атқарушы функциялары бағаланды. Бұған қоса, зерттеуде әлеуметтік факторлар да ескерілді — қатысушылардың білім деңгейі, табысы және қаржылық жағдайы.

Зерттеудің негізгі нәтижесін жетекші авторы, дәрігер Келси Сьюэлл түсіндірді.

— Біздің зерттеуіміздің басты нәтижесі — мидың жалпы саулығын жақсы сақтау Альцгеймер ауруынан туындайтын өзгерістердің ойлау қабілеттеріне әсерін әлсірете алады, — дейді ол.

Сонымен қатар, нәтижелер әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары адамдарда аурудың есте сақтау қабілетіне әсері азырақ болуы мүмкін екенін көрсетті. Дегенмен бұл байланысты толық растау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Сьюэллдің айтуынша, бұл қорғаныш механизмдерін түсіну аурудың салдарын ертерек анықтап, оны азайтуға бағытталған нақты стратегиялар жасауға мүмкіндік береді.

Оның сөзінше, ми денсаулығын сақтау үшін адам белсенді өмір салтын ұстануы керек. Тұрақты түрде дене жаттығуларын жасау, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және үнемі жаңа интеллектуалдық тапсырмалармен айналысу маңызды.

Бұған дейін ғалымдар альцгеймер ауруы кезінде ми жасушаларының жойылуын тоқтатудың жолын тапқаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Мюнстер университеттік клиникасы Альцгеймер ауруының ең кең таралған түрінің дамуын баяулатуға арналған екі препаратты сынақтан өткізе бастады.