Алты айда Астанада 350-ден астам өрт сөндірілді

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Астанада бірінші жартыжылдықта өрт сөндірушілер 364 өртті ауыздықтады,

деп хабарлайды алғашқы алты айдың қорытындысын шығарған ТЖД баспасөз қызметі.

«Биылғы жылдың алғашқы жарты жылында 364 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда - 7 % аз. Өткен жылы 390 өрт шығып, 38 млн. 893 мың теңге материалдық шығын келтірілген болатын. Материалдық шығын да алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 есе азайып, 76 млн. 151 мың теңге болып отыр. 114 млн. 566 мың теңгенің материалдық құндылықтары өрттен құтқарылды. Бір өкініштісі, өрт кезінде 11 адам көз жұмып (2012 жылы - 11), 24 адам (2012 жылы - 29) жарақат алды»,- делінген ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінде.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, көп жағдайда өрт электр жабдықтарын орнату мен пайдалану ережелерін сақтамау (25%), электр сымдары мен автомобильдерде қысқа тұйықталу (23% жалпы өрт санынан), өрт қауіпсіздігі мен жылыту пештерін пайдалану кезінде ережелердің бұзылуы (11,5%), электр жабдықтарын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігінің ережелері бұзылуы (7%) секілді себептерден болады.

Ведомство баспасөз қызметі хабарлағандай, бірінші жартыжылдықта көбіне тұрғын үй секторы өртке оранған - 160 оқиға (44% жалпы өрт санынан), автокөлік -92 (28,6%), салынып жатқан құрылыс нысандары мен құрылыс алаңдары - 35 (9,6%), өндірістік негіздегі ғимараттар мен ірі құрылыстарда - 27 (7,4%), сондай-ақ сауда орындары мен қоймаларда 19 (5,2%) өрт шығу оқиғасы тіркелді.