Онда Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасының орындалу барысы мен проблемалары талқыланды.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2014 жылдың желтоқсанына қарай ел тұрғындарын нақты көрсеткіш бойынша 50 пайыз отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы тапсырма жүктеген болатын. Осыған орай, мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың арқасында фармацевтика өнеркәсібі елеулі қарқынға мініп отыр.
«Сандық мәліметтерге жүгінсек, 2008-2009 жылдары елімізде 10 млрд. теңгенің дәрілік заттары шығарылып келген болатын. Ал 2011 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 22 млрд. теңгенің дәрі-дәрмек өнімдері шығарылды. Яғни, соңғы екі жылдағы өсім 2-2,5 есеге артты. Ал 2012 жылдың алғашқы жартысында шығарылған дәрілік заттар 13,4 млрд. теңгені құрады. 2011 жылы есепті кезеңдегі бұл көрсеткіш 10 млрд. теңгені құрағанын ескерсек, ағымдағы жылдың өсімі 30 пайызды құрап отыр», - дейді жиын барысында сөз сөйлеген «Қазақстан ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов. Оның айтуынша, бұның өзі қолданыстағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың есебінен атқарылып отыр. Сондықтан да, алдағы уақытта жоспарланған қуаттар Елбасының тапсырмасын орындауға толық мүмкіндік бермек.