Алты мемлекеттегі қаракүзендерге коронавирус жұққан – ДДСҰ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Данияда мутацияланған коронавирустың қаракүзеннен адамға жұққаны белгілі болған соң Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай оқиғаның тағы бес елде - Нидерланды, Италия, Испания, Швеция және АҚШ-та анықталғанын мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат dw.com-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Барлық елдегі қаракүзеннің вирус жұқтыруы бір елден басқасынан SARS-CoV-2 вирусының бұрын таралған штамымен ұқсас болып шықты. Данияда табылып «5-ошақ (Cluster 5)» деп аталған ерекше мутация ғана алаңдаушылық тудырып отыр. Ондағы мутация немесе өзгеріс бұрын байқалмаған, сондықтан оның диагностикалау, емдеу және вакциналаудағы ықтимал зардабы әзірге толық зерттелмеген, деп ескертеді халықаралық ұйым. Ғалымдар «5-ошақ» мутациясы болашақ вакциналардың әсеріне кері ықпал етуі мүмкін деп алаңдап отыр.

Данияда вирустың бұл түрін 12 адам жұқтырған. Олардың барлығы Солтүстік Ютландия аймағында тіркелді. Вирус жұқтырған сегіз адам қаракүзен фермаларына қатысы болса, төрт адам – жергілікті тұрғын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирустың аңнан адамға жұғуы, коронавирус жұқтырған адамнан қаракүзенге таралуы тіркелген.

4 қарашада Копенгаген билігі елдегі барлық жануарлар фермасындағы қаракүзеннің көзін жоюды бұйырды.

Дания – әлемде қаракүзен терісін өндіруде басты орындарда түр. Онда 15-17 миллиондай қаракүзені бар 1 139 фермасы жұмыс істейді. Копенгаген мәліметінше, 200-ден астам фермада коронавирус жұқтыру оқиғасы анықталған. 60-тан астам фермада аңдар жойылған.