«Алты жыл арпалысқан әке» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 маусым, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бүгін «Егемен Қазақстан» газеті еліміздің бас мүфтиі Ержан қазы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айы қарсаңында қазақстандықтарға арнаған үндеуін жариялап отыр. «Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Күнделікті тіршілік қамымен жүрген пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз», - деген Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Е.Малғажыұлы өз лебізінде. Бас мүфтидің лебізін толықтай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Рақым айы - берекелі ай» атты материалдан оқи аласыздар.

Бас басылым сондай-ақ дәрігерлердің біліксіздігінен көз жұмған қызының өліміне кінәлі адамдарды жазалаймын деп алты жыл уақытын сарп еткен қамкөңіл әке туралы жазады. Оқиға Қостанай облысы Арқалық қаласында болған. Темірбек Омаров бауыр еті баласының өліміне қатысы бар дәрігерлер мен оларға қатысты қозғалған қылмыстық істі ілгерлетуге тиісті органдарды алты жыл арпалысса да жауапқа тарту мүмкін болмаған соң, «Егемен Қазақстан» газетіне хат жазған. 2010 жылдың соңында ауырған баласын Арқалық қаласы туберкулезге қарсы диспансердің дәрігері Г.Қойшығұловаға апарғанда, Т.Омаровқа қызды емханаға көрсету керектігін айтып, шығарып салады. Емхана басқа дәрігерге, ол дәрігер келесі дәрігерге сілтей беріп, Т.Омаровтың қызы Гауһардың ауруы әбден асқынған. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан, Гауһарға тіпті операция да жасайды екен. Дәрігерлер тек 2010 жылдың 8 желтоқсанында бала туберкулезге шалдыққанын анықтаған. Көп уақыт жоғалтқан әрі теріс диагноз бойынша емделген  баланың өміріне араша түсу мүмкін болмай, 2010 жылдың 11 желтоқсанында Гауһар Омарова көз жұмған. Туберкулез ауруы емделетінін ескерсек, бұл жерде балаға дұрыс диагноз қоймай, тіпті, оны толық зерттеуден өткізбеген дәрігерлердің кінәсі анық байқалады. Енді міне, қызының суретін құшақтап қалған әке дәрігерлерді жазалай алмай әлек. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Алты жыл арпалысқан әке» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газетінің хабарлауынша, Алматыда «Қоқыспен күресу» марафонының жаңа маусымы ашылды. «Алатау етегі - қала тұрғындары үшін қашанда тұрақты демалыс орны. Алайда табиғатты ластау, қоқыс тастауға келгенде кемшін тұстарымыз аз емес. Үлкен деңгейдегі эко-шара қаланың 1000 жылдық мерейтойына орай сондай-ақ «1000 игі іс» акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған «Бауыржан» қайырымдылық қоры, Алматы қаласының әкімдігі және «Tele2 Қазақстан» компаниясы «Қоқыспен күресу» экологиялық акциясы қолдау көрсетті. Акцияның басты мақсаты - алматылықтарды табиғи орындарда тазалыққа шақыру және тұрғындарға экологиялық мәдениетті дәріптеу» деп жазады басылым. Небары екі сағат ішінде марафоншылар Алматы тауларынан 1478 келі қоқыс жинап үлгеріп, оны тиісті жерге өткізді. Ең нәтижелі марафоншы, Алматы қаласының тұрғыны, 53 нөмірлі Архат Үкібаев 56,5 келі қоқыс жинап, жеңімпаз атанды. Ол Бурабай демалыс орнына екі адамға жолдама ұтып алған. Бұл туралы толығырық «Айқын» газетіндегі «1478 келі қоқыс жинады» деген материалдан оқи аласыздар.

 

 

***

«Экспресс-К» басылымы дене түршігер мәлімет жариялап отыр. Қазақстан бойынша екі мыңнан аса жасөспірім әлеуметтік желілердегі суицидқа итермелейтін топтарға тіркелген екен. «Мәжіліс депутаттары жариялаған статистикаға сүйенсек, екі мыңнан аса жасөспірім осындай топтарға тіркелген. Сондықтан, депутаттар балалар мен жасөспірімдер интернетке тек ата-ананың рұқсатымен қосыла алатындай ұсыныс жасап отыр. Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстан 10 жылдан бері жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдегі алғашқы үш елдің ішінде», деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Клики смерти» деген мақаладан оқи аласыздар.