«Алтын адам» – бай адам емес - анимация режиссері

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қазақфильм» киностудиясы «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмін түсіріп жатыр. Режиссері – сценарист, суретші Тұрдыбек Майдан. Айта кетейік, Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақ» картинасы дүниежүзі көрермендерінің жүрегін жаулаған. Режиссер ҚазАқпарат тілшісіне балаларға арналған танымдық фэнтези жанрындағы «Алтын адам» фильмі туралы айтып берді.

- «Алтын адам» туралы анимациялық фильм түсіру ойыңызға қайдан келді?

- «Алтын адам» – біздің тарихымыздағы ең құнды жәдігердің бірі. Біріншіден, оны өскелең ұрапаққа насихаттау қажет. Екіншіден, балаларда «Алтын адам» бейнесі қандай?» деген сұрақ туындайды. Фильм арқылы балаларға оның сырты жылтыраған, алтынмен аптап, күміспен күптелген «бай» адам емес екенін жеткізгіміз келеді. Бұл жердегі басты мақсат – «Алтын адамның» жанын, руханиятын алтын етіп көрсету. Осы тұста оған тән төрт қасиет бар: ерлік, әділет, парасат және ізгілік. Аталған қасиеттер адамның бойында тоғысқан кезде әділетінен таймаған, әрдайым ерлік жасай білетін, жүрегінде ізгілігі бар парасатты адам бейнесі пайда болады. Ол – алтын сауытты киюге, ел билеуге лайық адам. Әр қазақтың, әр сақтың баласы сол алтын сауытқа лайық болып өсуге тырыссын, бой түзесін деген мақсатпен фильмнің сюжетін, оқиғаны солай өрбіттік.

- Кейіпкерлерді балалар таңдағаны рас па?

- Иә, біз балаларға кейіпкерлердің көрсетілімін жасадық. «Кішкентай көрермендер қандай кейіпкер көргісі келеді?» деген сұрақтың жауабын іздедік. Балалар дауыс берді. Біздің көзқарасымыз бен балалардың таңдауы бір жерде тоғысты. Фильмде сюжет бойынша тақырып бірден ашыла қоймайды. Біртіндеп, қызықты оқиғалар мен кедергілер арқылы баяндалады. Мысалы, бас кейіпкер Аңқыл, ол – Алтын адам. Кейіпкердің атауы тарихи негіздерге сүйеніп, ойдан шығарылған. Аңқылдың жанында Жұпар және Барыс есімді серіктері бар. Аңқыл мен Жұпар – ұзақ ойланып табылған аттар. Оны ауыстыруға ұсыныс болған кезде, көп ойландым. Елордамыздағы орталық музейде «Тас домбыра» деген мыңжылдық тарихы бар жәдігер тұр. Сол жерде «жұпар күй аңқиды» деген тіркес бар. Бірі жұпар болса, бірі аңқиды. Екеуі бір ұғым. Бір-бірін толықтырып тұрады.

- Аниматорларға тоқталып өтсеңіз?

- Көбі жас аниматорлар. Бірақ, алпыстан асқан үлкен кісілер де бар. Мысалы, Әміржан Қазиев, Рүстем және Арыстанбек секілді ағаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ескі мектеп пен жаңа толқын жастарының анимацияға деген көзқарастары әртүрлі. Бірақ, соған қарамастан ортақ шешімге келеміз. Фильмді дайындауға қырық шақты маман тартылды.

- «Алтын адам» анимациялық фильмінің екінші режиссері бар ма?

- Әлбетте. Ол – Тілек Төлеуғазы. Бұл Тілек екеуіміз бірге жұмыс жасаған алғашқы фильм емес. Осының алдында «Мұзбалақты» шығардық. Оған дейін де бірігіп қысқаметражды фильм дайындағанбыз. Біріміздің ойымызды біріміз толықтырып отыратын болғаннан кейін бірге режиссер болып жұмыс істеуге келістік. Алдағы уақытта тәжірибеміз артып, әрқайсымыз өз алдына бөлек жобаларды қолға алатын уақыт та келер. Бірақ, Тілекпен жұмыс істеу мүлде қиындық тудырмайды. Екеуіміздің көзқарасымыз бен ойларымыз бір жерден шығады. Оған қоса, қазақи менталитет, арамызда сыйластық пен әрбір жобаға деген жаңа көзқарас бар. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді ғой қазақ. Сондықтан, келісіп істеген нәрсе кем болмайды. Оның нәтижесін «Мұзбалақ» фильмінен көріп жатырмыз.

- Фильмнің презентациясын Тәуелсіздік күніне орай жоспарлаған екенсіздер, үлгересіздер ме?

- Қиын сұрақ. Жылдың басынан бастағанда үлгеретін едік. Қазір тым асығыс болмақ. Фильмнің сапасына көп мән беру керек. Барынша тырысып көреміз. Бірақ, жылдың аяғында көрсетілім жасаймыз деп айта алмаймын. Ол мүмкін емес. Осы қарқынмен тоқтамай жұмыс істесек, келесі жылдың наурыз айында бітіп қалады.

- Хронометражы қанша?

- Негізі біз жобаны ұсынғанда 75 минут деген едік. Кейін қаржыға байланысты 70 минутқа қысқарды.

- «Алтын адам» картинасы «Мұзбалақтың» жетістігін қайталайды деп ойлайсыз ба?

- «Мұзбалақты» жасау барысында еркін, асықпай қозғалдық. Ешқандай кедергі болған жоқ. Бізге толық сенім артты. Ешқандай шектеу болмады. Нәтижесінде жақсы фильм шықты. «Алтын адамда», сөздің шыны керек, кедергі көп болды. Түрлі көзқарастар туындады. Соған қарамастан, барымызды салып жатырмыз. Оның бағасын көрермен береді. Әзірге, дөп басып ештеңе айта алмаймын.

- Қазақ анимация бірлестігі ашылғалы жатыр, сол жайында айтып өтсеңіз?

- Иә, анимациялық фильмнің атасы Әмен Қайдаровтың арманы болған қазақ анимациясының шаңырағы көтеріледі. Бұрындары шығармашылық орталық болған. Жабылып, қайта ашылып жатыр. Күтер үміт көп. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінбек. Бұл – көңіл қуантарлық жайт. Демек, болашақта жобалар көбейеді. Қазақ балаларын қуантсақ, әрбір жобамыз оң нәтижесін көрсетері анық.

- Сұхбатыңызға рақмет!