«Тәуелсіздік сарайы, аспанға ұмтылған «Қазақ елі» стелласы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Хазірет Сұлтан» мешіті мен Қазақ ұлттық өнер университеті, сондай-ақ бүгінгі ашылып отырған Ұлттық музей - бұл біздің халқымыздың мәңгілік құндылығының сәулеттік көрінісі», - деді Мемлекет басшысы. Елбасының сөзіне қарағанда, Ұлттық музей ғимаратында сәулетшілер өткеннің терең символизмін, халқымыздың бүгіні мен болашаққа ұмтылысын айқын бейнеледі. «Қазақстан тарихын кеңінен насихаттау, біздің еліміз туралы терең білімді тарату оның басты мақсаты болады. Осы орайда Қазақстан тәуелсіздігінің ең жарқын символдарының біріне айналған әлемге танымал «Алтын адам» артефактісі музейдің бетке ұстар жәдігері болатынына күмәнданбаймын»,- деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы Ұлттық музейдегі Тәуелсіздік кезеңіне арналған зал кеңінен танымал болатынына сенімді екенін атап өтті. «Ұлттық музей ғылыми, рухани орталыққа айналады, біздің қазақстандық жолдың барлық жетістіктерін баршаға паш етеді»,- деді Президент.
18:01, 02 Шілде 2014
«Алтын адам» Ұлттық музейдің бетке ұстар жәдігері болады - Мемлекет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ашылуымен «Қазақ елі» заңғар сәулеттік кешенін құру шаралары аяқталады. Бүгін елорда күні қарсаңында аталған музейдің ресми ашылу рәсімі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.