«Алтын бутсы» Испания құрамасына бұйыратын болды - УЕФА

None
АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Украина мен Польша абыроймен өткізген футболдан Еуропа чемпионаты гол соғу көрсеткіші бойынша әлде­қайда төмен нәтиже тіркеді.

 Жаңа ғасыр басталғалы бері өткен төрт Еуропа біріншілігінің ішіндегі доп ең аз соғылған турнир ретінде тарихта қалатын да - осы біріншілік. Жалпы алғанда, 2012 жылғы Еуропа чемпиона­тының 31 матчында 76 гол соғылған. Бұл әр ойынға 2,45 доптан келеді деген сөз, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

2000 жылғы Еуропа чемпионатында Патрик Клюйверт пен Саво Милошевич бес голдан соқса, 2004 жылы чехиялық Милан Барош бес доппен көш бастады. Ал Украина мен Польша стадиондарында Марио Гомес, Криштиану Роналду, Фернандо Торрес, Марио Манджукич, Алан Дзагоев және Марио Балотелли үш голдан енгізді. Әлем мақтаулысы Роналду да үш доптан артық соға алмады. Ал «Алтын бутсы» чемпион команданың еншісінде қалмақшы. УЕФА Фернандо Торреске қиыпты сыйлықты. Бұл туралы «Украина - 2012» ақпарат орталығы хабарлайды. Торрестің еншісінде үш голдан бөлек, голға айналған бір пас бар. Сондай-ақ өзге сұрмерген­дермен салыстырғанда алаңда аз уақыт өткізген. Ендеше алтынмен апталған бутсыны Фернандо өлшеп көреді.