Ақындардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, «Дарын» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақындардан жасақталған қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов «Алтын домбыра» иегері атанды. Осымен екінші рет бас жүлдені иеленген Мұхтардың жеңісі туралы дау таусылар емес.
Бұл туралы Мұхтардың өзі ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта: «Менің «Алтын домбыраны» алуым кездейсоқтық емес. Мен осы жылдың басынан бері Ташкентте, Қызылордада өткен халықаралық айтыстардан бас жүлдені еншіледім. Атырауда, Ақтөбеде де республикалық айтыстардан жеңімпаз атанып, биылғы ақындардың рейтнигінде бірінші орында тұрмын. Осыған дейін нәтижесіз келіп, аяқастынан «Алтын домбыраны» әлдебіреулердің ықпалымен алып кете салған жоқпын. Сондықтан, сахнада айғай-шу болып жатса да, өзіме сенімді, жоғары көңіл күйде болдым. Халықтың шу көтеруінен түсінгенім, Болатбек Алматының тумасы болғандықтан, өздерінің ішкі сезімінде «Алтын домбыраны» Алматыда алып қаламыз деп, оның иесін алдын ала өздері белгілеп қоюынан деп ойлаймын», - деген еді.
Осы орайда танымал айтыскер ақын Айбек Қалиев те өз пікірін білдіріп өтті.
«Екі-үш күннен бері «Алтын домбыра» төңірегіндегі дау толастар емес. Екі жақты да түсінуге болады. Мен де екі оттың арасында екіұдай сезімде қалдым. Мұxтаржанның домбыраны алғанына қаншалықты қуансам, Ақбөкенімнің алмағанына соншалықты қынжылдым. Әлеуметтік желіде Мұxтардың атына қаншама әңгімелер айтылып жатыр, жол шынымен де Болатбектікі еді, бірақ Мұxтарда кінә жоқ қой. Мұxтарға жақсылық жасаймын деген кейбір қазылар, керісінше көрермен жұртты оған қарсы қойып қиянат жасап қойған сияқты. Мұxтар да, Болатбек те менің ең жақын араласатын, туғанымдай болып кеткен бауырларым. Екеуі де пендешіліктен жоғары тұрған азаматтар. Ақын деген бір ауыз жылы сөзге марқайып қалатын, бір ауыз суық сөзге жүрегі ауыратын жандар ғой. Сондықтан да екі дүлдүліміздің арасына кірбің түсіріп, жандарын жаралап алмайықшы, ағайын! Қазіргі айтыста шаппа-шап айтыста, суырып салмалықта Мұxтардың алдына түсетін, жырының көркемдігі жағынан Ақбөкеннен озатын ақын жоқ. Екеуі де басы мен болып айтыс ақындары тарапынан мойындалып қойған. Елді бірлікке шақыратын «Алтын домбыра» айтысы осылайша ел арасына іріткі салатын болса, енді өткізбей-ақ қою керек шығар» - деп жазды ақын Фейсбуктегі парақшасына.