«Алтын құрсақты аналар санын ақшамен де арттыра алмадық» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, шілденің 1-і күні Киевте ойналған Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Италия командасын 4:0 етіп ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Егер осылардың арасында, 2010 жылы «қызыл фурияның» әлем чемпионатын да жеңіп алғанын еске алар болсақ, бұл оның соңғы төрт жылдың ішіндегі үшінші толағай табысы болып табылады. Еуропа қарсыластардың бірі айқын басымдылық танытқан мұндай финалды көптен бері көрген жоқ. Мәселе испандардың чемпионат басталғалы бері бірінші рет осындай жойқын ойынның жортуылына жалын қосқанында ғана емес. Олар өз елдеріндегі «Барселонаның» ең бір керемет бабында тұрған кезінде ұсына алатын барынша үздік ойындарының үлгісін көрсетті. Сардар Висенте дель Боскенің сарбаздары үшін бұл күні алаң үстінде артық ауыс доп беріс, босқа жүгіріс, тіпті болмаған есепті. Олар бәрін өте дәл, мейлінше нақты, қолдан келгенінше таза істеді. Ұйымдастырған комбинацияларының өзі бірінен бірі асып түсті. Осы айтулы дода жайында басылымның бүгінгі санында «Құрлықтың мықтысы - Испания» атты тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің шақыруымен Астанаға мемлекеттік сапармен келген Македония Республикасының Президенті Георге Ивановпен кездесті. Елбасы алғашқы сапар жасап отырған мәртебелі мейманды зайыбымен бірге Ақордада қалыптасқан дәстүрге сай салтанатты жағдайда қарсы алды. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Македония басшысы бастаған делегациямен шағын құрамда келіссөздер болып өтті. Артынан тараптар кеңейтілген құрамда кездесіп, таңғы ас барысында келіссөздер жалғасын тапты. Оның негізгі денін сауда-экономикалық байланыстар мәселесі қамтыды. Сондай-ақ екі ел арасындағы саяси мәселелер, соның ішінде екіжақты ынтымақтастыққа кедергі болып отырған тұстар талқылау тақырыбына айналды. Әйтсе де тараптар өздерінің ынтымақтастыққа бейілді екендіктерін танытты. Аталмыш маңызды келіссөздер барысындағы мәселелер жайында «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ынтымақтастыққа мүмкіндік мол» атты мақалада басылды.
***
Биылғы жылдың басында әлем тұрғындарының саны 7 миллиардқа жетті. Бірақ олардың бәрі толық тойып тамақ ішпейді. БҰҰ мәліметтері бойынша 1 миллиард адам немесе бүкіл дүниежүзі халқының 15 пайызы ашаршылық жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл дерек қазір адамзат алдындағы аса үлкен мәселе - азық-түлік өнімдерін өндіруді молайту екенін көрсетеді. Ал аумағы жағынан әлемдегі он үлкен елдің қатарына кіретін Қазақстан - ең алдымен аграрлы мемлекет. Азық-түлік қауіпсіздігі жайында және ауыл шаруашылығы өнімдері саласындағы мәселелер туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Өнімділік өз-өзінен өспейді» атты мақалада жазылған.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Алтын құрсақты аналар санын ақшамен де арттыра алмадық» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, бүгінде әлемнің көптеген елінде, оның ішінде Қазақстанда бала туу көрсеткішін көтеру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Ұрпақ жаңармаса, мыңжылдық тарихы бар елдер түбінде жойылып тынары белгілі. Тығырықтан шығудың әрқилы алғышарттары жасалуда. Мысалы, кейбір батыс елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, дүние есігін ашқан әрбір балаға банктен есепшот ашып, соған ақша салу ұсынылуда. Бұл тәжірибені еліміз бойынша туу деңгейі ең төмен Солтүстік Қазақстан облысы екі жыл бұрын жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бірақ миллиондаған қаржы бөлінгенімен, бұл аймақта демографиялық дүмпу байқалмай тұр.
Осы басылым бетінде жарияланған «Қарапайым жұмысшының қауіпсіздігі қашан ескеріледі?» атты мақалада жұмысшылар құқы тұрғысындағы мәселе көтеріліп отыр. «Соңғы жылдары жұмыс орындарында жарақат алу, қайғылы жағдайға душар болу фактілерінің жиілеп кетуі кімді болса да алаңдатпай қоймас. Өйткені мұндай жағдаймен кез келген адам бетпе-бет келуі мүмкін. Өкінішке қарай, жұмыс орындарында орын алып жатқан қайғылы жағдай үшін жауапқа тартылып жатқан жұмыс берушіні көру қиын», - деп жазады басылым.
***
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ конгрессмендері Дэн Бертон мен Грегори Миксті қабылдады. Кездесу кезінде сауда-экономикалық және халықаралық даму мәселелерінің кең ауқымы талқыланды. «Мен сіздерге Қазақстанға қош келдіңіздер демекпін. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде біз барлық өзара қарым-қатынастарымыз бойынша АҚШ-пен белсенді ықтымақтастық орнаттық. Тәуелсіздігімізді жариялаған соң, келесі жылы мен сіздердің елде болып, АҚШ Президенті үлкен Джордж Бушпен кездестім. Біз Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуына қолдау көрсетудің түрлі мәселелерін, соның ішінде ядролық қарусыздану мәселесін бірге талқыладық. Өздеріңіз білетіндей, ол кезде біз ядролық қарудың орасан арсеналы мен полигонға ие едік. Содан бері көп жыл өтті. Әлемде көптеген өзгерістер болды. Біз танымал әрі құрмет тұтар елге айналдық. Бүгінде еліміз айтарлықтай дамып келеді. Біз 2020-2025 жылдары әлемнің дамыған елдері қатарына кіру туралы алдымызға міндет қойып отырмыз», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Аталған кездесу бойынша «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Встреча с конгрессменами» атты материалда тарата жазылған.