«Алтын Орда» базары маңындағы жолда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алтын Орда» базарының маңындағы жолдың тазалығына жауапты мамандар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: gov.kz

Компания мәліметінше, жолда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, күтіп-ұстау жұмыстарына 4 бірлік арнайы техника мен 10 маман жұмылдырылды. Мұнда жұмыс күндері тәулігіне 45 мыңнан астам көлік жүретінін ескерген маңызды. Сонымен қатар жол бойында бірқатар ірі базар мен сауда орталықтары орналасқан.

Жолды күтіп-ұстау жұмыстары, оның ішінде қоқыс жинау жұмыстары да күн сайын жүргізіліп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының ақпаратына сәйкес, қызметкерлер осы учаскеден бір апта ішінде кем дегенде 10 тоннаға жуық қоқыс шығарады (Алматы-Бішкек тасжолының 16-21 шақырымдары аралығы).

«Жол қызметкерлерінің еңбегін елеп, қоқысты арнайы бөлінген орындарға тастауға шақырамыз», - дейді компания өкілдері.