«Altyn Samǵaý-2019»: Бүгін еліміздің ең үздік спортшылары анықталады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада еліміздің үздік спортшысын анықтайтын «Altyn Samǵaý-2019» ұлттық спорт жүлдесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық Олимпиада комитетінің ұйытқы болуымен осымен үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан «Altyn Samǵaý-2019» спорт жүлдесі кешіне республикалық және халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшылар қатысуда.

Елорда төріндегі «Qazaqstan» концерт залында өтіп жатқан шараға қатысушы спорт жұлдыздары алдымен қызыл кілеммен жүріп өтті.

Кеш барысында комитет тағайындаған 9 аталым бойынша ең үздік спортшы анықталады. Жеңімпаздарға онлайн дауыс беру 15-29 қараша аралығында өтті.

«Altyn Samǵaý-2019» ұлттық спорт жүлдесі келесі аталымдар бойынша табыс етіледі:

1. «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы»

2. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы»

3. «Үздік жас спортшы»

4. «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы»

5. «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы»

6. «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік ұлттық спорт қауымдастығы»

7. «Үздік спорттық аймақ» (облыс және республикалық деңгейдегі қалалар, сондай-ақ, елордадағы дене шынықтыру және спорт басқармасы)

8. «Жыл жаңалығы»

9. «Жылдың үздік командасы»

Сондай-ақ, ұлттық олимпиада комитетінің шешімімен, биыл алғаш рет «Ғылыми-кешенді топтың үздік маманы» номинациясы қосылып отыр.

Айтулы кеште отандық эстрада жұлдыздары өз өнерімен кештің сәнін келтірмек. Атап айтсақ, «Ninety One» тобы, НаZима, «Молданазар» тобы, Say Mo, Қуандық Рахым және тағы басқа әншілер өнер көсретеді.

Одан бөлек, ұйымдастырушылардың айтуынша, кеш көрермендерін тосын сый күтіп тұр. Яғни көрермендер арасында 2020 жылғы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға екі билет ойнатылмақ.