Қазір аталмыш жарысқа дайындық шаралары жүргізілуде. Дүбірлі доданы ұйымдастырушылардың бірі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының үйлестірушісі Альберт Мүрсәлімовтің айтуынша, биылғы бәйгеге қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен өтінімдер келіп түсіп жатыр.
«Бүгінге дейін 68 үміткер тізімделді. Бірақ барлық құжаттары толық өтінім - 48. Ал қалған үміткерлер барлық құжат-қағаздарын толықтап бүгін-ертең жібереміз деп отыр. Жарысқа қатысуға ниет еткендер облыстық спорт басқармасының мөрі басылған, жарысқа қатысатын жүйрік мал дәрігерлік тексеруінен өткен қағазы және бәйгеге шабар шабандоз баланың ата-анасының рұқсаты болуы керек. Бұл қағаздар арнайы нотариус арқылы бекітілуі тиіс. Осы құжаттары талапқа сай болған жүйріктер бәйгеге жіберіледі», - деді А.Мүрсәлімов.
Былтыр жарысқа 77 ат тіркелген. Осылардан 49 жүйрік бәйгеге қосылған. Қалған 25 жылқының жарысқа қосылмай қалған себебі - қағаз-құжаттары дұрыс болмаған.
Жарысқа қатысуға бүгінгі таңда Павлодардан - 5, Қызылордадан - 5, Астана қаласынан - 5, Жамбылдан - 8, Маңғыстаудан - 11, Ақтөбеден - 1, Қостанайдан - 3, Қарағандыдан - 6, Атыраудан - 2, Шығыс Қазақстаннан - 2 жүйріктен өтінім келіп түскен.
Жарыс әр айналымы 12,5 шақырымды құрайтын 4 айналымды құрайды. 1.5 шақырым сайын бір-бірден 7 бақылау бекеті орналасады. Ол бақылау бекетінде төреші, мал және адам дәрігері, тәртіп сақшылары және камера тұрады. Бұдан басқа, 2 тікұшақ жарыс барысын биіктен бейнекамераға түсіреді.
Еске сала кетейік, биылғы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры 23 млн теңгені құраса, бас жүлде 10 млн. теңге деп жоспарланып отыр.