***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, жылан жылы жақсы жаңалықтармен басталды. Күні кеше ғана Ақтөбе қаласында «Батыс-1» шағын ауданында 600 орындық орта мектеп пайдалануға берілген болатынды. Енді, міне, араға апта салып облыс орталығығында тағы бір жағымды жаңалық болды. Қаладағы «Батыс-2» шағын ауданында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі шәкірттерге өз есігін айқара ашты. Бұл - Мемлекет басшысының бастамасымен ашылғалы отырған республикамыздағы оныншы Зияткерлік мектеп. Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 720 адамға арналған, 120 орындық жатақханасы бар. Мектеп ғимаратында 59 кабинет, зертханалар, педагогикалық және ақпараттық технологияларды интеграциялау орталығы, жеке сабақ беру және психологиялық бейімдеу кабинеттері, 360 орындық асхана, екі спорт және акт залы, қысқы бақ орналасқан. Мақала «Елбасы мектебі есігін айқара ашты» деген тақырыппен беріліп отыр.
«Қай кезде де бейбітшіліксүйгіш саясатымен танылып келген Қазақстан кезекті рет жаһандық маңызы бар мәселені мәмілеге келтіруге мұрындық болуда. Бірден айта кету керек, Иранның ядролық бағдарламасын талқылау елі ретінде Қазақстан кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бір жағынан ядролық қарудан бас тартуда көрсеткен үлгісі мен үрдісі бар, келесі жағынан арандатудан ада бейтарап бағыт ұстап отырған Қазақстанда басқосу қай тарапқа болмасын тиімді екендігі басы ашық жайт»,-деп жазады «Егемен Қазақстан". Алдын ала мәлім болғанындай, бұл күндері келіссөздер барысын күллі әлемге тарату үшін Қазақстанда тіркелген 100-ге тарта журналиске қоса әлемнің 200-ге тарта жетекші БАҚ өкілдері Алматыда тұрақтауда. Бұл жайында «Араағайындықта жүрген «алтылық» қиын түйінді тарқатуға тырысуда» атты мақалада айтылған.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстан жолдарында өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының саны жылдан-жылға артып барады. Мәселен, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, 2012 жылы 14 168 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда, 15 пайызға немесе 2149 дерекке көбейген. Осы апаттар кезінде 3 мыңнан аса адам ажал құшып, 17488 адам жарақат алған. Бұл жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда ажалы темір тұлпардан болған жандардың саны тағы да артқан...
«Осындай апатты жағдайда жарақат алған жандарға медициналық көмектің дер кезінде, уақытында көрсетілгені өте маңызды. Бұл жерде көмекке келген жанның кәсіби біліктілігі ғана емес, уақыт та үлкен рөл ойнайды. Қапылыста ауыр жарақат алып, өмір мен өлім арасында жатқан адамға алғашқы 60 минутта көмек көрсетілсе, оның жанын арашалап қалуға мүмкіндік мол. Бұл кезең медицинада «алтын уақыт» (золотой час) деп аталады»,-деп жазады газет «Алтын уақыт»: дер кезінде көмек бере аламыз ба?» атты мақалада.
Осы басылымда «Келісімшарт құны - 200 мың доллар» деген тақырыппен мақала берілген. «Дегенмен алғашқы жаңалықты Ресейдің «Кубань» ұжымына ауысқан жас талантымыз Бауыржан Исламханнан бастасақ. Үш жылға арналған келісімшарттың құны 200 мың АҚШ долларын құрағаны мәлім болды. Бір қарағанда көп сома емес. Алайда клуб басшылығының түсіндіруінен жағдайдың басқа қырын көреміз. Бұл тұста қамқор көңіл ағайын жас ойыншыны саудаға салғаннан гөрі болашағын күйттеді. Исламханға ұсыныс айтқан ұжымдардың барлығы дерлік бір жылдық келісімшартты қалаған. Әрине, олар ұзақ мерзімді қаламайды, өйткені футболшы үмітті ақтамаса бостан босқа шығындаламыз деп қауіптенеді. Бауыржан сияқты жас түлекке бір жыл уақыт ашылып ойнау үшін аздық етуі де ықтимал. Осының бәрін ой сүзгіден өткізген «Тараз» клубының басшылығы біздің пікірімізше, өте дұрыс шешім қабылдады. Краснодардың «Кубань» ұжымы Исламханның шебер ойыншы ретінде қалыптасуына барлық жағдайды жасауға уәде берді»,-деп жазады «Айқын».
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Куба Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің және Министрлер Кеңесінің төрағасы Рауль Кастроға құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Р.Кастроны Куба Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Қазақстан мен Куба арасында өзара сенім мен өзара түсіністік негізінде қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастық халықтарымыздың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне кәміл сенемін» делінген жеделхатта. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Р.Кастроға және оның отбасына зор денсаулық, аса жауапты қызметіне табыс, ал достас Куба халқына амандық және өсіп-өркендеу тіледі.