***
"Селекторлық режімдегі кешегі Үкімет отырысы Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші кезекте, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы талқыланып, одан кейін парниктік газдар шығаруға квота бөлудің 2013 жылға арналған ұлттық жоспары отырысқа қатысушылар назарына ұсынылды", - деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Жұмыспен қамту жүйелі жүреді" деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, қазақстандық еңбек рыногының тиімділігін барынша арттырудың кешенді бағдарламасы - «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы дайындалғаны белгілі. Бұл «жол картасында» әлемдік экономикада ауытқу пайда болып, ел экономикасы тығырыққа тірелер жағдай туа қалса, қиындықтан қысылмай шығудың жедел шаралары қамтылған. Құжатта соның негізгі үш жолы айқындалып, онымен жүріп өтіп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың түрлі тиімді механизмдері қарастырылды.
Елімізді индустрияландыру - бұл Мемлекет басшысының бастамасы, ел алдындағы ауқымды міндет. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың (ҮИИД) бесжылдық жоспарын іс жүзіне асыруға барлық мемлекеттік органдар, холдингтер, ұлттық компаниялар, даму институттары, бизнес-ассоциациялары және өнеркәсіп кәсіпорындары тегіс жұмылдырылған. ҮИИД ұзақ мерзімге арналған бағдарлама болып саналады. Оның нақты нәтижелерін 2020 жылға таман көруге болады. Бұл кезеңде экономикамыздың басым бағыттарындағы бағдарлама шеңберіндегі ірі жобалар іске қосылады. Президенттік индустрияландыру бағдарламасын іс жүзіне асырудың барысы туралы "Егемен Қазақстан" газеті Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевті әңгімеге тартқан. Сұхбат "Әсет Исекешев: Индустрияландыру игілігін молынан көретін боламыз" деген тақырыппен берілген.
***
Алматыда Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Осы жайт арқау болған мақала "Айқын" газетінде " «Алтын Жұлдыздан» қазақ журналистері неге қағылды?" деген тақырыппен берілген. "Алдымен мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлықтан биыл қазақтілді басылымдар мен қазақтілді журналистер түгелдей қағылғанын айта кетелік. Еліміздегі БАҚ редакциялық ұжымға берілетін «Алтын Жұлдыз» биыл Шығыс Қазақстан облысынан орыс тілінде шығатын «Кенді Алтай» аймақтық газетіне бұйырғанын айтқан Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, аталмыш сыйлықты редакцияға Академияның көшпелі делегациясы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде табыстағанын жеткізді", - деп жазады басылым.
Осы басылымның жазуынша, журналист Евгений Рахымжанов «Фейсбуктегі» өзінің парағында Қазақстан халқы бір күнді белгілеп, тек қана қазақ тілінде қарым-қатынас жасаса, деген ұсынысын жазыпты. Қазақстан күнтізбегінде «Қазақ тілі күні» болып 22 қыркүйек белгіленген. Рахымжановтың айтуынша, бұл күні оған соншалықты мән беріліп, тиісті деңгейде атап өтілмейді. «Біз, журналистер, басқалардан қайыр күтпей, қазақ тілін қолдануға қатысты шараларды өзіміз ұйымдастыруымыз керек. Әлеуметтік желілер арқылы онлайн режімінде бұл тақырыпты кеңінен талқылауға болады. Мен ұсынып отырған мәселені өзімнің «Фейсбугіме» саламын. Біреулер мұны мақұлдар, біреулері қарсы болар, ал енді біреулері өзінің пікірін ұсынатын шығар. Осылардың жиынтығынан қазақ тілінің алғашқы бағдарламасы туады. Мен өзім қазақша аз сөйлеймін, бірақ қазір талпынып жүрмін. Тіпті жылына бір күн шамамыздың келгенінше қысылмай, ұялмай, дүкендерде, автобустарда бір-бірімізбен қазақша сөйлессек, қазақша сұрақтар қойып, жауап берсек, дұрыс болар еді. Одан әрі бір күннен екі-үш күнге, уақыт өте бір ай қазақша сөйлесуге болады», - дейді Е.Рахымжанов.
***
"Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда «Сыртқы сауда банкі» ААҚ президенті - басқарма төрағасы Андрей Костинмен кездесу өткізді", - деп жазады "Казахстанская правда" газеті. Кездесу барысында Қазақстандағы еншілес банк қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ, «Сыртқы сауда банкінің» еліміз экономикасын дамыту және әртараптандыру үдерісіне қатысуының жай-күйі талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев «Сыртқы сауда банкі» тек Ресейде ғана емес, сонымен бірге, Еуропадағы ірі банктердің бірі болып табылатынын, Қазақстанның жеке меншік және корпоративтік секторын кредиттеуге белсене қатысатынын атап өтті.