«Алтынемел» туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның көркем табиғатын насихаттайтын тағы бір деректі фильмнің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақфильм» киностудиясы «Алтынемел» атты деректі фильмді таныстырды. Фильмнің авторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов.  Аталған деректі картина Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғатын көрсетеді. Түсіруші топтың айтуынша, картина бақылау әдісі арқылы, 2017 жылдың жылдың көктемі мен жаз мезгілдерінде түсірілген.

«Осы тақырыпта деректі кино түсіру үшін айқын мақсатың мен операторлық шеберлік болуы керек. Оның үстіне табиғат тануда тәжірибе болуы керек. Сценарий тек бастапқы идея ретінде жүреді. Сценарий аса маңызды емес. Өйткені, бұл алдын-ала бәрі келісіліп қойған, нақты кісіге арналған портрет картина емес. Бұл - тосын оқиғаға толы табиғат туралы фильм. Сценарийде қиялдап бәрін жазуға болады, ал оны түсіру оңайға соқпайды. Фильмді көркемдей түсуге, қысқа сюжеттердің көлемді фильмге айналуына монтаж да көп ықпал етті. Және де ұлттық саябақтың тынысын беруге музыка мен дыбыстау үрдісі өз үлесін қосты», - деді Олег Белялов.

«Бұл - Олег Беляловтың режиссер ретіндегі алғашқы фильмі. Белялов анамалистика жанрында Қазақстандағы үздік маман», - делінген Қазақфильм хабарламасында.

«Табиғат жайлы фильм түсіру қажеттігі туындады, ал анамалистика жанрында түсіру мол тәжірибені талап ететін болған соң, таңдау маған түсті. Бұл жанрда мен 80-90 жылдары көп еңбек еткем. Алтынемел Алматыға жақын орналасқан және жабайы жануарларды еш қиындықсыз ұшырастыруға болатын бірден-бір ұлттық саябақ болғандықтан, сол мекенді түсіреміз деп шештік», - дейді режиссер.