Алуа Балқыбекова бокстан әлем чемпионатында жарысты жалғастырады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Алуа Балқыбекова (51 келі) жартылай финал жолдамасына ие болды.

Отандасымыз ширек финалда қытайлық Ию-Суан Гуомен шаршы алаңға шықты. 

Қазақстандық боксшы бірінші және екінші раундты өзінің пайдасына шешті. Нәтижесінде Алуа жартылай финалға жолдама алды.

Алуа Балқыбекова 1996 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін әлем чемпионатында алтын, күміс, қола медаль алса, екі мәрте Азия чемпионы атағын жеңіп алды. 

Бүгін ел құрамасынан Махмуд Сабырхан (55 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Виктория Графеева (60 келі), Елдана Талипова (80 келіден жоғары) жартылай финалға шықса, Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Сағындық Тоғамбай (90 келі) жарыс жолын аяқтады.

Енді ел құрамасынан Карина Ибрагимова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Гүлсая Ержан (80 келі), Бибарыс Жексен (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.