Алуа Нұрман шахматшылардың әлемдік рейтингінде үшінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Алуа Нұрман 20 жасқа дейінгі шахматшылардың әлемдік рейтингінде үшінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Informsports.kz .

Фото: А. Нұрманның жеке мұрағатынан

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлемнің үздік 100 шахматшысының жаңартылған рейтингін жариялады.

19 жастағы қазақстандық Алуа Нұрман рейтингіне 7 ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 2442 ұпайға жеткізді. Соның нәтижесінде ол әлемдік рейтингте 4-орыннан үшінші орынға көтерілді.

Рейтинг көшін 2465 ұпаймен украиналық Анастасия Гнатышин бастап тұр. Екінші орында 2443 ұпаймен Анна Шухман (FIDE/Ресей) орналасқан. Алуа Нұрман одан небәрі бір ұпайға ғана қалып келеді.

Қазақстандық шахматшы 2025 жылғы блицтен Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ маусым айында Гонконгта өткен командалық әлем чемпионатында жеке тақтадағы бәсекеде блицтен алтын, ал рапидтен күміс медаль жеңіп алды.

Жаңартылған рейтингке Қазақстанның басқа да шахматшылары енді. Амина Қайырбекова 2353 ұпаймен 13-орында тұр. Елназ Қалиахмет 2304 ұпаймен 22-орынға жайғасса, Зарина Нұрғалиева 2302 ұпаймен келесі, 23-орында орналасқан. Ал Мария Холявко 2217 ұпаймен 60-орынды иеленді.

Айта кетейік, Алматыда университеттер арасындағы тұңғыш FIDE әлем чемпионаты өтеді.