Аляска саммиті алдында Зеленский мен Еуропа көшбасшылары Трамппен онлайн-кездесті

Фото: x.com/whitehouse

АСТАНА. KAZINFORM – 13 тамыз күні Еуропа елдерінің көшбасшылары мен Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен виртуалды саммит өткізді, деп хабарлайды BBC News

Бұл кездесу Трамптың Владимир Путинмен Аляскада өтетін алдағы саммитінің алдында ұйымдастырылды және Еуропада оны ықтимал тепе-теңдік құралы ретінде бағалап отыр.

Өткен аптада Дональд Трамп 2021 жылдан бергі алғашқы америкалық-ресейлік саммитке келіскенін мәлімдеді. Ол өзінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеудегі келіссөздерде «айтарлықтай ілгерілеуге» қол жеткізгенін айтты. Уиткофф 6 тамызда Владимир Путинмен кездескен, бұл АҚШ-тың Украинадағы атысты тоқтату жөніндегі ультиматумының мерзімі аяқталуына бірнеше күн қалғанда болған.

14 тамызда Анкоридж қаласында (Аляска) өтетін бұл кездесу Трамптың сөзінше, «соғысты тоқтату жолындағы сынақ кездесуі» болмақ. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт саммитті «тыңдай білуге арналған жаттығу» деп сипаттады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, 13 тамыздағы онлайн-кездесудің мақсаты – АҚШ президентін Киевтің мүддесіне қайшы келетін бітімнен сақтандыру. Еуропалық көшбасшылар Трамптың бейбіт бастамаларын қолдайтынын мәлімдей отырып, Украинаға қатысты кез келген келіссөз оның қатысуымен ғана жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Саммитке Владимир Зеленскиймен қатар Германия, Финляндия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Польша, Еуропалық одақ елдерінің басшылары және НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қатысты. Польша атынан Еуропа көшбасшыларымен кездесуде премьер-министр Дональд Туск, ал Трамппен онлайн-саммитте жаңа президент Кароль Навроцкий болды.

Видеоконференциядан кейін Еуропа көшбасшылары мен Зеленский Дональд Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен бөлек онлайн-кездесу өткізді. Одан соң Украинаға қолдау көрсету жоспарын әзірлейтін елдер тобының онлайн-отырысы өтті.