Аляскадан Азияға газ экспорттау жобасы 40 миллиард долларға бағалануда

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - BP, ExxonMobil және ConocoPhillips құны 40 миллиард доллар тұратын Аляскадан Азияға газ экспорттау жобасы бойынша келіссөздерді бастады.

Бұл туралы The Financial Times келіссөздер маңындағы дереккөздерге сүйеніп жазған.

Басылымның хабарлауынша, компаниялар мен мемлекеттік реттеушілер келесі аптада Алясканың солтүстігіндегі Пойнт Томсон мұнай-газ кенішін жалдау жөнінде уағдаластық жасамақшы. Бұл кеніштің қоры 226 миллиард текшеметр газды (8 триллион текше фут) құрайды. Газ құбыры құрылысы кенішті игерудің басты шарты болып табылады, өйткені бүгінгі таңда Аляскадан отынды тасымалдау жолы жоқ. 

Штаттың өкімет орындары шикізаттың мол қоры штат бюджеті қоржынына 400 миллиард  долларға жуық қаржы құяды деп үміттеніп отыр. Аляска губернаторы Шон Парнелл компанияларға Алясканың оңтүстік жағалауына дейін газ құбырын тартуды ұсынды, сол жерде терминал салып, сұйылтылған табиғи газды Азияға экспорттауға болады.

Реттеушілер Пойнт Томсонды игеру құқығына ие болған  BP, ExxonMobil, ConocoPhillips және Chevron компанияларын 1977 жылдан бері кенішті пайдалануға беруді созып келеді деп айыптауда. Штат үкіметі құқық иелерінен лицензияны тартып аламыз деп қорқытуда. Компаниялар кеніштің алыстығынан және игерудің күрделілігінен (газ үлкен қысымда) жұмысты бастай алмай отыр. 

Егер мұнайшылар өкіметпен жалдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізсе, келісім газ құбырының жобасын коммерциялық бағалау үдерісін тездетпек. Парнелдің айтуынша, солтүстік түбекте газ кенішінің қоры триллион текше метрге жуық, бұл американдық қорлардың сегізден бір бөлігіндей.  Барланбаған қорлары 6,7 триллион текше метрге жетеді.

Жылдам өсіп келе жатқан азиялық нарыққа, соның ішінде қытай нарығына қол жеткізуге ресейлік «Газпром» да дәмелі. Концерн ҚХР-да газ құбырын  салмақ. «Алтай» құбыры Уренгойдан Шанхайға дейін тартылады. Жобаның құны 14 миллиард долларды құрайды.