«Алып «балық» Қазақстанда болған ба?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 15 сәуір, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газеті Қостанай өңірінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің жасап жатқан жұмыстарға қатысты «Тобыл-Торғай тынысы» атты мақала жариялап отыр.

Айта кетейік, Қостанайдағы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бағытында аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасаған болатын.

«Экономиканы дамытудың нәтижесі әлеуметтік саланы көтеруден көрінеді. Осы салада дағдарысқа қарсы жұмыстар да белсенді жүргізіліп келеді.  Қостанай, Лисаков, Жітіқара қалалары мен Затобол кентінде жылумен, ауыз сумен қамтамасыз ету ісін несиелеуге 3,7 миллиард теңге қосымша бөлінді. Инженерлік жүйелерді жаңғырту ісіне бюджеттен тыс қаржы көздерін іздестіру жұмыстары нәтижесін бергендей. Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық арқасында жылу жүйелерін жаңғырту жұмысы үшін «Костанайская ТЭК» коммуналдық кәсіпорнына 6,1 миллиард теңге, ауыз сумен қамтамасыз ету, құбырлар жүйесін бұру жұмысын жүргізетін «Қостанай-Су» кәсіп­орына 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Экономиканың дамуына көлік инфрақұрылымының тигізер әсері орасан. Жол - тірліктің  күре­тамыры. 2016 жылы осы салаға 18,9 миллиард теңге бөлінді. Соның 7 миллиард теңгесі тек Қостанай қаласындағы жолдарды жөндеуге жұмсалады. Қостанай қаласындағы Тобыл өзенінен өтетін көпірге  құны 3 миллиард тұратын жаңғырту жұмыстары  биыл аяқталады», - делінген мақалада.

Материалда сонымен қатар, Қостанай облысында заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік  аппарат қалыптастыру ісі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және нарық айналымына түсіру, стратегиялық инвесторлар тарту, облыста шикізат өндірісін өңдеу, ет кластерінің құрылуы сынды мәселелер көтерілген.

 

«Егемен Қазақстан» басылымының «Ақтоғай - Алаш арыстарының атамекені» атты келесі мақаласында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өміріне және оның арғы аталарына қатысты тың деректерді сараптап отыр.

«Алаш қайраткері, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағасы, ұлт-азаттық күресінің саяси ұйымдастырушы-жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлының арғы атасы Бөкейханды 14 жасында Абылайдың ақылшысы, даланың данагөй абызы Қазыбек би мен шекшек Нұралы би 1748 жылы Самарқанның билеушісі Көкжал Барақтан болашақта Орта жүзге хан сайлау үшін қаракесек еліне алып келген.

Осылайша қазақ жерінің жазиралы өңірі Қарқаралының құйқалы пұшпағы төре тұқымдарының құт-берекелі қонысы болған. Сарыарқада өмір сүрген Бөкейханды 1815 жылы Нұра бойында билердің қолдауымен хан сайлайды. Хан Бөкейден өрбіген ұрпақтары Тәуке, Рүстем, Ысмайылхан, Жамантай болыс, ал Құсбек аға сұлтан болып ел биле­ген. Тәттімбеттің «Бес төре» күйі осы Тәукенің бес баласына арналған», - деп жазады басылым.

Осы тақырыптарға қатысты толық деректерді аталған газет беттерінен таба аласыздар.

***

Мемлекет басшысы Ислам ынтымақтастығы ұйымының XIII саммитіне қатысты, деп хабарлайды «Айқын» басылымы «Қазақстан бастамасы ислам ынтымақтастығы ұйымының қорытынды коммюнике жобасына енгізілді» атты мақалада.

Биылғы саммит «Бірлік пен ынтымақ әділеттілік пен бейбітшілік үшін» деген тақырыппен өтті. Оған ұйымға мүше 56 елдің өкілдері, соның ішінде 30-дан аса мемлекет пен Үкімет басшылары қатысты.

Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін өзекті мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтті. Олардың қатарында жаһандық адами даму индексінің ең төменгі көрсеткіштері, білім беру және медициналық қызметтерге қолжетімділіктің төмендігі айтылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, осы қиындықтар Ислам әлеміндегі көптеген елдердің дамуын барынша тежейді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы мұсылман үмбеті үшін басты қауіп ішкі жан­жалдар мен қақтығыстар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 11 мемлекет осындай қиындықты бастан өткеруде. Жуырда ғана өркенді ел саналған Ливия, Сирия сияқты мемлекеттердің ойраны шықты, Ирак соғыстың салдарынан қатты күйзелуде. Ислам әлемі суннит және шиит болып бөліну қаупінің алдында тұр. Нұрсұлтан Назарбаев бұған жол бермеу қажеттігін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті мұсылман елдерінің ішінде бір-біріне қарсы әскери блоктар құру идеясына да жол бермеу керектігін, бұл еш пайда бермейтін, болашақ тұрақтылыққа балта шабатын әрекеттер екеніне назар аударды.

«Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлемі елдерінің жаппай қарулану бәсекесіне түсуі, әсіресе, жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін бұза отырып жанталасуы мүлдем ақылға сыймайтынын айтты. Қазақстан Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруды жақтайды. Мемлекет басшысы бүгінде Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 15 ел халықаралық лаңкестердің қысымына ұшырағанын айтып, соның кесірінен сан миллион мұсылман үмбеті әлемнің әр қиырында жанына сауға сұрап, жайлы өмір іздеген босқынға айналуға мәжбүр болғанына тоқталды», - делінген аталмыш материалда.

«Айқын» басылымы Қазақстан жерінде бұрын үлкен теңіз болғанын, онда алып балық - киттің тіршілік еткені туралы деректер келтіруде.

Кеңес Одағы жерінде киттің қазба қалдықтары Кавказдан, Молдавиядан, Қырымнан көптеп табылған. Солтүстік Кавказдағы Краснодар өлкесінің «Уругвай» ауылының жұмысшылары жер қазу кезінде ұзындығы 4,5 метр киттің қаңқасын тапқан. Бұл олжа жер тарихын анықтау үшін ғалымдарға құнды дерек болды. Көптеген жылдар бойы жер астында жатқанына қарамастан, оның сүйектері бүлінбеген. Ғалымдардың жорамалдауына қарағанда, Солтүстік Кавказ территориясында осыдан ондаған миллион жыл бұрын теңіз болып, оның суында киттер тіршілік етіпті. Бұл теңіз қазіргі Азов, Каспий және Қара теңіз суларын бір-бірімен жалғастырып жатса керек.

«Ең бастысы, қазақ даласында кит болған ба деген сауал туындайды. Киттің қазба қалдықтары Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Маңғыстау облысында да табылған. Кейбір ғалымдар Қазақстанның аумағында үлкен теңіз болған дегенді келтіреді. Өйткені қазақ даласында малта тастар жиі  кездеседі әрі жерасты табиғи шикізат қорына бай. Осының бәрі елімізде бұдан миллиондаған жыл бұрын теңіз болып, киттер мен басқа да су жәндіктерінің тұрғылықты мекені болуы ғажап емес», - делінеді «Алып «балық» Қазақстанда болған ба?» атты мақалада.

***

Түркістанда үш қария кісі жергілікті кәсіпкерлерден ақша бопсалап келген, деп жазады «Экспресс К» газеті.

«Түркістанда үш қарт кісі кәсіпкерлерге жалған жала жауып, олардан ақша талап етіп келген. Қолдарына 50 мың доллар беріп жатқан жерден 63, 60 және 57 жастағы Түркістан тұрғындарын полиция қызметкерлері құрықтады. Анықталғанындай, ақсақалдар бір ай бойы бизнесмендерге жала жауып, құқыққорғау органдарына түрлі арыз-шағымдар жазып келген», делінген мақалада. Толығырақ, «Аксакалы-разбойники» атты материалдан оқуға болады.