Алып жылан мейрамхана күзетшісін буындырып өлтірді
Аталған оқиға бейсенбі күні шамамен 03:00-де элиталық Hyatt қонақүйі маңында болды.
Қонақүй қызметкерінің айтуына қарағанда, ұзындығы шамамен 4,5 метр болатын алып жылан Снур курортында қонақүй жанындағы жолды кесе өтіп бара жатқан. Көрші мейрамхананың күзетшісі 59 жастағы Амбар Арианто Мулио оны ұстауға көмектеспекке әрекеттенген. Ол питонның құйрығы мен басынан ұстап иығына салып үлгерген. Алайда ол бой бермей Арианто Мулионы орап тұншықтырған.
Қонақүй қауіпсіздік қызметінің қызметкері Агунга Бавудың, «бәрі өте тез болды. Біздің күзетшіге көмектесе алмағанымыз өкінішті», - деген сөзін келтіреді Associated Press.
Куәгерлер оқиға орнына полиция мен «жедел жәрдемді» шақырған. Шұғыл жеткен медицина қызметкерлері күзетшінің жантәсілім еткенін анықтады. Ал питон көзден ғайып болып үлгерген.