Алыстағы ауданда кәсіпкер бірнеше нысан ашты

None
ОРАЛ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында Қуаныш Шәріпқалиев ауыл тұрғындары үшін аса қажетті автокөлік жуатын, машина дөңгелегін жөндейтін және мал соятын орындар ашты.

Кәсіпкер бұдан бұрын машинаның қосалқы бөлшектерін әрі құрылыс материалдарын сататын «Аққу» дүкенін ашқан-ды. «Мұндай тауарлар облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықтағы аудан тұрғындары үшін өте керек. Соңғы кезде шетелдік автокөліктер қатары көбейіп, соған сай қажеттілік те арта түсті. Енді автокөлік жуып, дөңгелегін жөндеуге мүмкіндік туды. Мал соятын орын да керек», дейді кәсіпкер.

Аудан әкімі Нұрлан Сабыровтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің осындай нысандарды ашуға деген белсенділігі артып келеді. Мысалы, Рустам Өтеев қазіргі заманғы талаптарға сай монша салып, аудан тұрғындарының ризалығына бөленсе, Әзбек Мұхитов ет-сүт дүкенін іске қосқан болатын.