«АЛЖИР-дің» атақты есімдері» көрмесі өз жұмысын бастады
Үстіміздегі жылы 20 мамыр мен 8 маусым аралығында көрме қонақтары «отанын сатқан» деп әділетсіз танылған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдерінің, аналары мен қарындастарының суреттерін көре алады. Экспозицияда саяси қуғын-сүргін мен тоталитаризм құрбандары болған Бейімбет Майлиннің жары Гүлжамал Майлинаның, Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза мен Майя Плисецкаяның, Болат Окуджаваның аналары, сонымен қатар, Лидия Русланова, Гуляндам Қожанова, Зуфнун Нұрмақова, Дәмеш Жүргенева, Фатима Османова, Екатерина Калинина, Марьям Есқараева, Татьяна Афонина, Рәзия Меңдешева, Лидия Френкель, Зағфи Тінәлиналардың суреттері орын тапты.
Еске сала кетейік, КСРО ІІХК 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 бұйрығымен қоғам қайраткерлерінің отбасыларының мүшелері жаппай қудалауға ұшырады. Бұл құжат кінәсіз жандарды түрмеге қамап, ең алдымен қайраткерлердің жұбайларын лагерьлерге айдауға түрткі болды. Қысқа мерзімнің ішінде 18 мың әйел қамауға алынды, олардың 8 мыңы Ақмоладағы лагерьде өз мерзімдерін өтеді.