Экспозицияда «АЛЖИР» лагеріндегі тұтқын әйелдердің жеке заттары, фотосуреттері, мұрағаттық құжаттар ұсынылған. Лагерь тозағын тартқан қайғы-қасіретіне қарамастан өз жақындары мен туыстарына адал болған әйелдер, белгілі ақын-жазушылардың, мемлекеттік және саяси қайраткерлердің жұбайлары - Гүлжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова, Дәмеш Жүргенева, Зұфнұн Нұрмақова, Одақтың танымал әншісі Лидия Русланова, дыбыссыз киноның актрисалары - Рахиля Плисецкая, Лидия Френкель және т.б. тағдырынан сыр шертеді.
Көрмеге 16 тұтқын әйелдің жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. Кіші залдың ашылуы Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асты.
«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған мемориалды-мұражай кешеніне мұражай «Аза тұту аркасы», лагерьдегі 7620 тұтқын әйелдің есімі жазылған «Еске алу қабырғасы» мемориалы, мүсіндік композициялардан тұрады. Мұражай мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, жауап алу хаттамалары, ату туралы бұйрықтар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке істерінде жазылған саяси репрессия құрбандары туралы материалдардың негізінде құрылған» делінген баспасөз баянында.