Алжирде 30-дан астам шетелдік тұтқын өлтірілді

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Алжирдің оңтүстік-шығысында сәрсенбі күні таңертең лаңкестер мұнайшылар кентіне шабуыл жасады,

соған байланысты жүргізілген арнайы операция кезінде кем дегенде 34 шетелдік тұтқын және шамамен 15 содыр өлтірілді. Бұл туралы Agence France-Presse хабарлады. Қаза болғандардың саны туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.

Қаруланған бірнеше ондаған содырлар 40-қа жуық шетелдікті, сондай-ақ жүздеген алжирлықты тұтқынға алды. Олар - Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Норвегия, Австрия, Германия, Ирландия, Румыния, Колумбия, Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Малайзия, Таиланд және басқа да елдердің азаматтары.

BBC News хабарлағандай, лаңкестер бірнеше талап қойып отыр, олардың бірі - көршілес Мали мемлекетіндегі исламдық көтерілісшілерге қарсы француздық әскери интервенцияны тоқтату.

Алжир билігі қылмыскерлермен келіссөздер жүргізуден бас тартты. Тұрғын үйге авиасоққы жасау шешімі қабылданды, соның салдарынан тұтқында болғандар қаза болды. Қазіргі уақытта нысанда жерүсті арнайы операция басталды.

Соңғы мәліметтер бойынша, армиялық бөлімшелер 600 алжирлық-тұтқынды және бірнеше шетелдікті босатып үлгерді. Кейбір тұтқындар өздері қашып құтылды.