Оның жұмысына ИСЕСКО-ның 10 мүше-мемлекеттерінің және екі халықаралық ұйымның өкілдері жиналды. Аталған форумға Қазақстан Республикасынан ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Ж.Құрманғалиева қатысты.
Отырыстың жұмыс барысында Алжир қаласында 2011 жылғы 18-19 желтоқсанда өткізілуі жоспарланған Мәдениет министрлерінің VII ислам конференциясында ұсынылатын материалдар жобалары талқыланды.
Атап айтқанда, ИСЕСКО-ның Мәдениет және коммуникациялар жөніндегі директоры Н.Риати Консультациялық кеңес мүшелерін Ұйымның Бас директорының мәдени стратегияны, ақпараттық-коммуникациялық дамуды, мәдение шаралар стратегиясын жүзеге асыруға арналған есептерімен таныстырды. Есепте ИСЕСКО-ның ислам мәдени астаналары бағдарламасын жүзеге асыру, мәдениаралық диалогты ілгерілету әрекеттеріне ерекше назар аударылды. Кеңес аталған құжаттарды жүзеге асыруды жалғастыруды ұсынды.