Алжирде орман өртінен 12 адам қаза тауып, үш күндік аза тұту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Алжирдің солтүстік-шығысында болған жойқын орман өртінен кемінде 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, деп хабарлайды Euronews .

Фото: Xinhua

Өрт ел астанасы Алжирден шығысқа қарай 350 шақырым жерде орналасқан Джиджель провинциясындағы ауылдарға айтарлықтай залал келтірді. Қазір тұрғындар шығын көлемін есептеп, тиісті қызметтер электр желілерін қалпына келтіріп, зардап шеккен аумақтарды тазалап жатыр.

26 тамызда Джиджель провинциясының Агбала ауылында түсірілген видеодан өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтауға тырысып жатқанда, тұрғын үйді жалын қоршағанын көруге болады. Ал Алжирдің азаматтық қорғаныс қызметі 27 тамызда жариялаған кадрларда өрт сөндірушілердің провинция аумағындағы орман өртімен күресіп жатқаны, жалынның тау бөктерін шарпығаны көрінеді.

Өрттен қатты зардап шеккен Джиджель провинциясындағы Бордж-Тахер ауданында тұрғындар оттан бүлінген үйлері мен ауыл шаруашылығы алқаптарына оралды. Мамандар электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіруге кірісті. Биліктің мәліметінше, 400-ге жуық мал қырылған. Ашерар, Анчид, Эль-Уадиа және Таграст ауылдары да өрттен зардап шекті.

Ішкі істер министрі Саид Саюдтың мәліметінше, Джиджель провинциясында бес, Беджаяда төрт, Тизи-Узуда үш адам қаза тапқан. Күйік шалған тағы 54 адам ауруханаға жеткізіліп, олардың алтауы ауыр жағдайда жатыр.

Алжирдің азаматтық қорғаныс қызметінің дерегінше, бейсенбі күні ел аумағында соңғы 24 сағатта тіркелген 193 өрт ошағының 46-сында жалын әлі сөндірілмеген.

27 тамызда премьер-министр Сифи Гриеб Джиджельге барып, өрттен келген шығын көлемімен танысып, төтенше жағдай салдарын жою шараларын үйлестірді.

Президент Абдельмаджид Теббун елде үш күндік ұлттық аза тұту жариялады. Осы кезеңде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілмейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін де Алжирдегі орман өртінен 6 адам көз жұмған еді.