«Аманат» бағдарламасы мен Қоғамдық тану сыйақысы бекітілді
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, аталған жоба Қазақстан республикасының әлеуметтік-экономикалық әрі қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан және қызметі жасампаз еңбекке, игілік пен ақыл-парасатқа негізделген адамдарды көтермелеу үшін ұйымдастырылып отыр. Жалпы бұл жоба адамзат құндылықтарын нығайтуға елеулі үлес қосады деп күтілуде. Осы орайда, «Аманат» бағдарламасы қоғамның әлеуметтік және идеологиялық дамуына септігін тигізу үшін ұйымдастырылып отырғандығын айта кетейік. «Аманат» жобасы ұлттық бірлік идеясына рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту мәселелеріне де мейлінше әсер етпек.
«G-Global» халықаралық хатшылығы «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоры бастамасымен құрылған «Аманат» атты әлеуметтік бағдарламасын қолдады.
Оған қоса, «Аманат» жобасын Қазақстан Президентінің мұғалімі Сейітхан Исаев, еліміздің мемлекеттік қайраткері Сұлтан Жиенбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев, көрнекті қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, танымал актер, театр және кино режиссері Асанәли Әшімов, қоғамдық қайраткер, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков және Қазақстанның басқа да біртуар азаматтары қолдады.
Сыйлықтың Құрметті Елшісінің миссиясы Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын орда» дизайнерлік үйінің басшысы, этнодизайнер Тұрсынзада Ырзаға жүктелді.
«Аманат» сыйақысын тағайындау жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы болып белгілі ғалым, мемлекет қайраткері, бүгінгі қоғамның ақсақалы - Мырзатай Жолдасбеков тағайындалды.
Сыйақыны алуға үміткерлерді үкіметтік емес ұйымдар бірнеше номинация бойынша ұсына алады. Мәселең, «Бабалар аманаты». Бұл номинацияда Қазақстан үшін тарихи-мәдени құндылықтар болып табылатын жеке тұлғалардың мәнін жаңғырту және жаңаша түсіну бойынша ауқымды жұмыс атқарған адамдардың қызметі қаралады.
«Шынар» номинациясы. Бұл номинацияда әлеуметтік, экологиялық және мәдени проблемаларды шешуге бағытталған бизнесті құра білген кәсіпкерлердің қызметі қаралады.
«Бекзат» номинациясы - табиғат-анаға жауапкершілікпен қарау, қайырымдылық шаралары, тұрақты дамуды қолдау сияқты әлеуметтік жауапкершілікті ұстану қызметімен үлгі-өнеге боларлық көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерін марапаттайды.
«Арыс» номинациясы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан саясаткерлер мен мемлекеттік қайраткерлердің қызметі қаралады.
«Қайнар» - «Аманат» қоғамдық тану сыйақысының тағы бір номинациясы. Бұл номинацияда өз қызметінде елеулі жетістіктерге қол жеткізген және Қазақстанда әрі шетелде қоғамдық-имидждік жұмыс жүргізетін жастардың қызметі қаралады.
«Ақбозат» номинациясы ұлттық мәдениет пен музыкалық-поэтикалық мұраны қайта жаңғыртуға және дамытуға зор үлес қосқан және қосып жатқан, оны шетелде табысты әрі кеңінен тарататын тұлғалардың қызметіне орай табысталады.
Ұйымдастырушылар болашақта номинация санын арттыратынын алға тартып отыр. Сонымен қатар, қазақ халқының өзіндік бірегей мәдениетін сақтаудың құралы ретінде «Аманат» жобасын халықаралық деңгейге шығару да жоспарда бар.
Жоба ақпан айында басталған болатын. Ол әлеуметтік марафон тәртібінде жалғаспақ. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан-маусым айлары аралығында «Аманат» сыйлығының өңірлік кезеңдері өтеді. Ал сыйақы алу үшін өтінімдер 2017 жылдың 1-ші мамырына дейін қабылданады.