«Аманат бір өзіңе жырым-сырым» атты М.Мақатаевты еске алу кеші өтті

АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбек/ - Кеше Астана қаласындағы «Тұран» мейрамханасында өмірін өлеңге, өлеңін мәңгілік өмірге айналдырған Хан Тәңірдің мұзбалағы, дара талант Мұқағали Мақатаевтың рухына арналған «Аманат бір өзіңе жырым-сырым» атты кеш өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген кешке, қала әкімінің орынбасары А.Балаева бастаған ел ағалары мен қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ студент жастар мен өнер сүйер қауым қатысты.

Кеште ақынның өлеңдері жатқа оқылып, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында жоғары оқу орындарынан арнайы шақырылған шығармашылық топтар арасында жарыс өтті. Төрт түрлі шарт бойынша бақ сынаған топтар арасынан, Ұлттық өнер университеті «Үздік» топ атанса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор А. Бұлашев «Үздік басшы» ретінде марапатталды. Кештегі «Ең үздік өлең оқушы» Қазақ агротехникалық университетінің студенттері болса, «Үздік әнші» медицина академиясының студенттері болды. Сондай-ақ ұлттық өнер университетінің студенттері кештегі «Ең үздік биші» атанды. Жеңімпаздарға ақынның кітабы және дипломдар табыс етілді. «Бүгінгі кештің басты мақсаты - көрермен мен сахна ғана болмай, Мұқағалидың өлеңдерімен бірге сырласу, жастарға ұлттық тәрбие беру. Жыл сайын сынып пен сынып арасында, факультет пен факультет арасында Мұқаңдай ақындарымыздың өлеңдерін жаттатып, жарыс ұйымдастырып отырсақ, одан артық ұлттық тәрбиенің керегі жоқ», - дейді Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы.