Халықаралық кинофестиваль қаңтардың 12 мен 29 аралығында Болгария астанасы Софияда өтеді.
Қазақстандық картиналар 14 қаңтар күні «Евросинема» кинотеатрында ағылшын тіліндегі субтитрлармен көрсетілетін болады.
Қазақстан және Орта Азия елдерінен шыққан алғашқы тарихшы, көрнекті ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы «Аманат» тарихи лентасы прокатқа өткен жылдың мамырында шыққан болатын. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің фильмі аталмыш картина «Оскар» премиясының «Ең үздік шет тілдегі фильм» таңдалымына ұсынылған.
Досхан Жолжақсыновтың ұлы ойшыл Абайдың әкесі Құнанбай өмірі жайлы баяндайтын «Құнанбай» атты көркем фильмі қазақстандық прокатқа 2015 жылы шыққан. Фильм авторлары отандық «Тұлпар» кинопремиясында үздік атанды.
Атап айтсақ, басты рөлді сомдаған Досхан Жолжақсынов «Үздік ер адам рөлі үшін» номинацияда жеңіске жетіп, Рустам Одинаев «Үздік қоюшы суретші» және Төлеген Мұхамеджанов «Үздік композитор» атанды. Сондай-ақ, картина үздік сценарий премиясын да жеңіп алды. Сценарий авторлары - Таласбек Әсемқұлов және Досхан Жолжақсынов.
Сонымен қатар, 2016 жылдың қыркүйегінде фильм XII Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, Уфада өткен III халықаралық ұлттық және этникалық кино «Күміс Ақбозат» фестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.
ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы 2016 жылдың әдебиет пен өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықты үлестірді. Жарлыққа сәйкес премия сценарий авторларының бірі, режиссер Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсыновқа, қоюшы суретші Рустам Одинаевқа, сонымен қатар актерлер Нурсифат Салықоваға және Айдос Бектемірге берілді.
Айта кетейік, Софиядағы MENAR халықаралық кинофестивалі Балқан түбегіндегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі болып саналады. Фестиваль жыл сайын көрермен қауымды мұсылман әлемінің дәстүрі мен мәдениетін паш ететін фильмдермен таныстырады. Фестивальдің бағдарламасы аясында Қиыр Шығыста, Орта Азия елдері және Солтүстік Африкада түсірілген үздік көркем, деректі және қысқаметражды фильмдер де көрсетіледі.