«Мен әрбір нысанды мақтан тұтамын. «Мынау керемет» деп бөліп-жара алмаймын. Нысан саларда бюджет қаражаты жұмсалатындықтан міндетті түрде келісу қажет. Облыс орталығында дұрыс театр ғимараты болмады. Өте танымал Бикен Римова атындағы театр бар. Онда өте талантты актерлар еңбек етеді. Мен соларға қолайлы жағдай жасауға тырысып, жаңа театрдың жобасын жасатып салғыздым. Театрдағы ең бастысы - акустика. Таяуда Асанәлі Әшімов келіп, мұндай акустиканың Қазақстанда жоқ екендігін айтты. Неге мақтанбасқа?! Екіншісі – Салтанат сарайы. Бәрі неке сарайы деп жатады. Ол неке сарайы емес. Оның керемет залы бар. Алматы облысы - шекара маңындағы өңір. Егер Мемлекет басшысы осы жерде қандай да бір мемлекетаралық кездесу өткізгісі келсе, ондай орын Талдықорғанда болған емес. Біз соны барлық жағдайын келістіре отырып салдық», - деді Амандық Баталов «Хабар» телеарнасындағы «Ұлттық мүдде» бағдарламасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол облыс орталығында салынған Оқушылар сарайын да мақтан тұтатындығын баса айтты.
«Біздің театрдың жобасымен дәл сондай мәдени нысан Түркістанда салынды. Оқушылар сарайы жобасына Солтүстік Қазақстан облысы қызығушылық танытып, Петропавлда ғимарат бой көтерді. Ал Жастар сарайымыздың үлгісімен Қызылордада нысан салынған болатын. Талдықорған нысандарының жобасы өзге өңірлерге таралып жатыр», деді облыс басшысы.
Амандық Баталов Талдықорған қаласының басты алаңына төселген Арқарлы гранит тастарын да мақтан тұтатындығына назар аудартты.
«Гранитіміз өте әдемі. Жаңбыр жауған кезде терезеден сыртқа көз салынып, алаңға сүйсіне қараймын. Алаңдаға тастар мыңдаған жылға шыдайды. Оны ештеңе бүлдіре алмайды. Тіпті, танкімен де жүруге болады», - деді ол.