Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Street Workout» спорты бұрын Атырау қаласы үшін таңсық болатын. Былтырғы жылы Ұлттық Олимпиада комитетінің бастамасымен бірнеше алаңқайлар қолданысқа берілді. Қалалық спорт бөлімі мен Бұқаралық спортты дамыту орталығы «Street Workout» спортын дамыту мақсатында жастардың басын біріктіріп, үлкен чемпионат ұйымдастырды.
Бір айға созылған бәсекенің ақтық сайысында іріктелген 20 спортшы өзара үздікті анықтады. Үш жаттығу бойынша 70 ұпай жинап қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеген Амангелді Өтепов қала чемпионы деген атаққа ие болды. Екінші орын иеленген Саид Типаев 60 ұпай еншіледі. Үшінші орында 52 ұпаймен Олжас Шыңғалиев тұр.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы мен Кубок табыс етілді. Аталған үш спортшымыз Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады.
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне тұспа-тұс келген сайысқа кішкентай бүлдіршіндер де қатысты. Оларға мерекеге орай түрлі спорттық жабдықтар сыйға берілді.
Айта кетейік, «Street Workout» спортының Қазақстандағы бас жаттықтырушысы Айтым Жакупов сайысты тамашалауға арнайы келді.
Алдағы уақытта Атырау облысында осы бір спорт түрін кәсіби түрде дамытуды қолға алатынын айтып өтті.