Соның бірі - Атырау қаласында тұратын әуесқой композитор Аманкелді Сұлтанғали. Өмірдің жеті белесін бағындырған қария бүгінде ұл-қыздары өсіп-өнген берекелі әулеттің отағасы. Астанаға келген сапарында ақ жарқын мінезді, ақын жанды ағаны әңгімеге тартқан едік.
- Амангелді аға, біз бірінші рет ғасырдың бір ширегіне жеткен елдік мерейтойымызды атап өтіп отырмыз. Осы 25 жылдықты аға ұрпақ өкілі ретінде қалай қарсы алып отырсыз?
- Бұл халқымыз, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, Алладан тілеген азаттығымыз ғой. Ел тәуелсіздігі - ең ұлық әрі қастерлі мереке. Қаншама ғасыр бойы хандарымыз, батырларымыз жанын қиып, қанын төгіп, осы елді, жерді сақтап қалды және ұрпағына аманаттап кетті. Ендеше, бүгінгі ұрпақтың шексіз бақыты - Тәуелсіздік таңының арайына бөленіп, еркіндік заманда кең тыныс алуы.
Әрине, Тәуелсіздік бізге оп-оңай, тегін келді десек, қателескен болар едік. Жеке мемлекет болуды аңсаған ғасырлар бойғы күрестер жолында тер де, қан да төгілгені тарихи шындық. Бірақ бабаларымыздың арманын іске асыратын ұрпағы бар екеніне бүгінде әлемнің көзі жетіп отыр. КСРО деген алпауыт елден бөлініп шығып, жас тәуелсіз мемлекетті құруда, оның іргесін нығайтып, қалыптастыруда Елбасының ерен еңбегі ұшан-теңіз. Бұған бүкіл халқымыз куә. Бұл ешқашан ұмытылмас тарихи шындық. Ширек ғасыр ішінде қиындықпен келген жеңістер, үлкен еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген табыстар Қазақ елін әлемге мойындатты. Мемлекет басшысы ұсынған Мәңгілік Ел қағидасы алыс болашақты көздеген халықтың асқақ арманмен үндесіп жатыр.
Бүгінгі таңда Астана мен Алматыда, еліміздің барлық өңірінде қол жеткізген толайым табыстарымыз халықтың көз алдында. 1990 жылдың басында қандай деңгейде едік? Ал қазір дәрежеміз қаншалықты өскендігі, біртұтас халқы бар мемлекет болғандығымыз айқын көрініп тұр.
Енді алдағы уақыта Елбасының берген тапсырмалары орындалып, Қазақстан әлемдегі таңдаулы мемлекеттердің қатарына қосылуына тілектеспіз. Алла елімізге, халқымызға ырыс-береке, несібесін молынан бере бергей. Кешегі батыр бабалардың бүгінгі ұрпағы еңбекқорлығымен, біліктілігімен, білімділігімен өзге жұрттың алдында жүруін тілеймін.
Бүгінгі таңда әрбір қазаққа өзін әлемге танытатын мүмкіндік туды. Білімде, спортта, еңбекте, ғылымда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, «Біздің қазақ осындай!» деп халқымыз мақтан тұтатындай танымал болудың сәті келіп тұр. Өзінің адал қызметімен, ерен еңбегімен қандай биікке көтерілемін десе де, ешкімге де ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанымызда, көрші елдерде, тіпті бүкіл әлемде бейбітшілік болсын деп тілейміз. Қазақстан - әлемді бейбіт өмір сүруге шақырып келе жатқан ел.
Қол жеткізген табыстарымыз еселене берсін! Аға ұрпақтың салған даңғыл жолы, есел еңбегі өскелең жастарға үлгі болғай.
- Сіз ел ішінде көп жүресіз ғой. Халықтың көңіл-күйі қалай?
- Елдің мерейлі тойын әрбір саналы азамат үлкен қуанышпен қарсы алуда. Әр адам Тәуелсіз елмен бірге өз отбасында болып жатқан қуаныштарымен бөліседі. Елдің дамуымен бірге әрбір шаңырақ өсіп-өркендеп келеді.
Сонымен қатар нарық экономикасы заманының қиындықтарын да айтпай кетуге болмас. Қаржы дағдарысының тигізіп отырған салдарын уақытша қиындық деп есептеп, оны ел болып жеңуге ұмтылуда. Әсіресе соңғы жылдары тұрмыстық қажеттіліктері үшін бірнеше несие алған отбасылар аз емес. Олар кездескен қиындықтардың бәрін жеңіп келе жатыр. Сол жолда оларды елдің ертеңіне деген сенімділік қуаттандырып отыр. Халық Елбасының ұстанған саясатын қолдайды және Президент бастамасы бойынша қолға алынған бағдарламалардың мүлтіксіз орындалуын қалайды. Ал ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер кезек-кезегімен шешімін табатынына сеніміміз мол. Оған елдің дамуы, халықтың ынтымағы оң ықпал етеді деген ойдамын. Қазақтан басқа ұлттардың да тілегі бір, мақсаты ортақ. Тәуелсіздік мерекесін бәрі де көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуда.
- Елордаға жиі келіп тұрасыз. Астана несімен ерекшеленеді?
- Астана - жалғыз маған ғана емес, иісі қазаққа, барлық қазақстандыққа әрі ыстық, әрі қадірлі, әрі қымбат қала. Қазір әлем жұртшылығы үлкен қызығушылық танытып, Елордамызды көбірек біле бастады десек, артық айтқанымыз емес. Өзім Атырауда тұрсам да, елорданың мәртебесі өскеніне елмен бірге қуанып отыратын жанның бірімін.
Астананың жыл сайынғы өсу, өркендеу тарихымен таныспыз. Баспасөзден оқып, теледидардан көріп жүрміз. Барлық жетістігіне, бой көтерген әрбір сәулетті ғимаратына көз салсақ, бас сәулетшісі Елбасымыз Нұрекеңнің қолтаңбасы көрініп тұрады. Соған қуанған халық алдағы табыстарына да тілекші болып отырады. Қазақстанның астанасы осылай көркейе берсе екен, сонымен бірге еліміздің қалалары мен ауыл-аудандары да өркендеп, халқымыздың жағдайы жақсара берсін деген тілегіміз бар.
- Бұл қаланы бірінші рет қашан көріп едіңіз?
- Алғаш рет 1973 жылы Целиноград кезінде іссапармен келіп едім. Сол кезде бүкілодақтық геология симпозимумы өтті. Геология мамандары, ғалымдар бас қосқан жиын болды. Кеңестер одағына қарасты Балтық жағалауы, Кавказ бойындағы республикалардан делегаттар келді. Атыраудан Серік Айталиев екеуміз келіп қатыстық. Ол кезде геофизика мекемесінде бас экономист-бухгалтер болып қызмет істейтінмін. Сонда қала орталығындағы бір қонақ үйде тұрғанбыз. Ал енді 2005 жылы келгенімде, қала мүлдем өзгеріп кетіпті. Бұрынғы өзіміз тұрған қонақ үйді таба алмай қалдым. Өйткені бұрынғы ғимараттардың барлығы жаңартылған, неше түрлі жаңа үйлер салынған екен. Целиноград кезінде кәдімгі облыс орталықтарының бірі болатын. Ол кезде әуежайы да шағын еді.
Бүгінгі таңда Астана әлемге танылды. Дүние жүзіндегі 30 қаланың бірі болып аталды. Бейбітшілік қаласы деген жүлдеге ие болды.
Өнер әлемінде Астанаға арналған шығармалар жыл сайын көбейіп келеді. Небір тамаша әндерді естіп жүрміз.
- Әңгімеміз өнер тақырыбына қарай ауысты. Осы орайда, ауыз толтырып айтарлық жетістіктерімізге тоқталсаңыз?
- Қазақтың ән мен күйі қарқынды даму үстінде. Халық композиторларының күйлері мен әндері оркестрлерде жоғары деңгейде орындалып жүр. Жаңа әндер жазуға талпынып жүрген жастар да аз емес. Біз бұған қуанамыз. Бірақ бізге керегі - халықтық дәстүрдің сақталғаны, ұлттық өнердің өз бояуын жоймағандығы. Өнер иесінің жан-дүниесінен туындап, қазақ халқының жүрегіне жететін әндер мәңгілік шығарма болатыны сөзсіз. Біз халықтық дәстүрлі әндерге бас иеміз.
- Бүгінде «жылтырақ» әндер де сахнаға шығып жүр ғой?
- Оған ештеңе істей алмайсың. Ол да заманның бір ағымы шығар. Сөзі жұтаң, тек билеуге арналған әндерді естіп жүрміз. Халық түбі ақ пен қараны айырады. Ондай әндер халық көңілінде қалмайды. Өтпелі кезеңнің уақытша «әлаулайлары» ғой. Бәріне уақыт - сыншы.
- Өзіңіз өнер жолына қалай келдіңіз?
- Туған жерім Тайсойған, Қызылқоға ауданы. Өнерлі жандар көп шыққан өңір. Жас кезімде Құлсары аудандық оркестрде өнер көрсеттім. Сол оркестрдің құрамында бүгінде ел білетін өнер иесі Айтқали Жайымов та болды. Ол Атырау облысы, Құлсары ауданының тумасы. Жас кезінен-ақ үлкен дарын иесі болатыны байқалып тұрды. Ел тілегі қабыл болғаны ғой, бүгінде ол Алла берген дарынның арқасында танымал композитор болды, шығармалары Қазақстанда да, шетелде де орындалып жүр. Еліміздегі ең үздік дирижердің бірі.
Өзімнің шығармашылығыма келсем, үлкен дүниелерді тындырып тастадым деп айта алмаймын. Біраз әндерімді жинақтап, кітап етіп шығардым. Бірінші кітабыма 20 әнім, екінші жинағыма 30 әнім енді. Қазір үшінші кітапқа 15 ән дайындап қойдым.
Тәуелсіздіктың 25 жылдығы қарсаңында биыл екі ән шығардым, оның бірі Әбіш Кекілбайұлына арналған «Кемеңгер» әні. Өлеңді «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыдым, сонда алғашқы шумақтағы:
«Бұлақ еді бір кезде бастау алған,
Маңғыстаудың қатпарлы қыратынан...» деген сөздер жүрегімді тебірентіп жіберді. Қай адам да сондай киелі жерден бастау алмаса, ұлы болып шықпайды ғой. Әннің сөзі Әбішке жарасымды келісті болып тұрғанын байқадым.
Екінші ән «Мейірімді жан еді» деп аталады, ол Фариза Оңғарсыноваға арналған. Жас кезімізде Әбішпен де, Фаризамен де дәмдес, пікірлес болғанбыз. Еліміздің ең қадірлі азаматы, қаламгерлері болды. Енді олардың мәңгілік шығармашылық жолы басталды. Осы екі әннің де нотасын жас композитор Нұрлан Бекенов оркестрге түсірді. Астана мемлекеттік филармониясының қазақ ұлттық аспаптар оркестріне лайықтап, дайындау үстінде.
- Жастарға айтар тілегіңіз?
- Тәуелсіз елдің білімді жастарына қарап қызығамын, жетістіктеріне қуанамын. Осындай сәулетті, берекелі заманда өмір сүру - баянды бақыт. Сол бақытты қадірлей білсе екен деймін. Өзінің қазақ екенін мақтан тұтып, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыра түсуге үлестерін қосса, аға ұрпақ та оларға дән риза.
Елге, халыққа қызмет жасайтын азамат болу - әрбір адамның ел алдындағы перзенттік парызы. Ал білім мен ғылым жолында өзін шыңдай берсе, өнер жолында үлес қосып жатса, тіптен ғанибет! Алладан тілейтінім - жастардың бойларына намыс, жүректеріне жылылық берсін. Қазақ елінің өркендеу жолында аянбай еңбек етсе, ондай жастарымызбен бәріміз де мақтана аламыз.
- Айтқаныңыз келсін, әңгімеңізге рақмет.