Бейнеу ауданына жұмыс сапары барысында сенімді өкілдер ауданға қарасты алты ауылдың, атап айтқанда Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш, Сам, Сарға, Есет ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Бейнеу ауданының қарашаңырағы - Сам ауылында сайлаушылармен кездесу өткізді.
Сам ауылында 500-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарына мектеп-балабақша кешені, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы қызмет көрсетеді. Ауылдағы үйлер газ, электр энергиясы және ауызсумен толық қамтылған. Ауылдық округке қарасты Ноғайты ауылында 270-ке тарта тұрғын бар. Аймақтық қоғамдық штаб өкілдері келген жиынға екі ауылдың да адамдары қатысты.
Іс-шарада үміткердің Маңғыстау облыстық қоғамдық штабы жетекшісінің орынбасары, сенімді өкіл Тельман Матаев алдағы сайлаудың саяси маңызына тоқталып, көпшілікке үміткердің өмірбаянын таныстырды. Сондай-ақ, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын және еңбек жолын түсіндіріп берді.
Штаб өкілдері көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі еңбек адамының рөлі мен орнын айқындады.
Жиын соңында қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.