Келісім бойынша Amazon-ға жыл сайын 690 мегаватт электр қуаты жеткізіледі. Бұған қоса, энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға 3 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалмақ. Ал атом электр станциясының қуатын тағы шамамен 190 мегаватқа арттыру көзделіп отыр. Жобаны 2030-2032 жылдар аралығында аяқтау жоспарланған.
Amazon мен Constellation Energy компаниялары 13 штаттағы Amazon нысандарын қамтитын электр энергиясын жеткізу туралы келісімге де қол қойды. Бұл Amazon-ға өңірдегі электр шығынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Аталған келісім технологиялық компаниялардың деректер орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымын кеңейтуіне байланысты электр энергиясына сұраныс күрт артқан тұста жасалды. Осыған байланысты тәулік бойы тұрақты қуат бере алатын атом энергетикасына корпорациялардың қызығушылығы артып келеді.
Калверт-Клиффс — Мэриленд штатындағы жалғыз атом электр станциясы. Оның қуаты 1 790 мегаватқа дейін жетеді. Бұл 1,3 миллионнан астам үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Кәсіпорында 800-ден астам адам еңбек етеді.
Бұған дейін Атом саласының болашағы туралы Астанада ғалымдар мен мамандар бас қосқанын хабарлаған болатынбыз.