Amazon мен OpenAI 38 миллиард доллар көлемінде келісім жасасты

Фото: oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM — Amazon Web Services (AWS) пен OpenAI құны 38 млрд доллар болатын ұзақмерзімді стратегиялық келісімге қол қойды. Бұл келісімшартта OpenAI-ды AWS өнімділігі жоғары инфрақұрылымы арқылы жасанды интеллекті атқаратын жұмыс процестерін іске асыру мен масштабтау үшін пайдалану қарастырылған. Бұл туралы Amazon ресми сайтында хабарланды.

Жаңа келісімшарт 7 жылға есептелген әрі бұл серіктестік кейін ұзартылуы да мүмкін. Бұл шарт аясында OpenAI AWS-тің мыңдаған NVIDIA графикалық процессорларын құрайтын есептеу ресурстарына қол жеткізеді. Олар қажет болған жағдайда ЖИ агенттік жүктемесін жедел масштабтау үшін он миллиондық орталық процессорге дейін ұлғая алады. 

Компанияның мәлімдеуінше, AWS ЖИ-инфрақұрылымын ірі көлемде қолданатын, жоғары қауіпсіздік, сенімділік пен өнімділік деңгейі бар тәжірибеге ие. Қазіргі кезде оның кластерлерінде 500 000-нан астам чип бар.

Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы есептеу қуатына бұрын-соңды болмаған сұраныс туғызды. Ал алдыңғы қатарлы ЖИ-модельдерін ұсынатын провайдерлер өз жүйелерін жаңа деңгейге көтеру үшін AWS-ке жүгінуі жиілеп кеткен. Бұл серіктестік шеңберінде OpenAI-ға есептеу ресурстарын пайдалану рұқсаты тез арада беріледі. Барлық жоспарланған инфрақұрылым 2026 жыл соңына дейін қолжетімді болады. Ал 2027 жылдан бастап пайдаланылатын инфрақұрылым ауқымы кеңеюі мүмкін.

Кластерлер ChatGPT сұраныстарын өңдеуден бастап, жаңа буын модельдерін оқытуға дейінгі әртүрлі жұмыс түрлерін қолдай алатындай етіп жобаланған. Сонымен қатар, олар алдағы OpenAI-дың қажеттіліктеріне сай икемделетін етіп жасалған.

— Алдыңғы қатарлы жасанды интеллектіні масштабтау үшін сенімді әрі ауқымды есептеу қуаты қажет — деді OpenAI-ның негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Сэм Альтман.

Бұған дейін жасанды интеллект технологиясы бойынша әлем көшбасшыларының бірі — америкалық OpenAI компаниясы нарықтық капиталдандыру бойынша мультимиллиардер Илон

Масктың SpaceX компаниясын басып озып, әлемдегі ең бағалы стартап атанғанын жазған едік. 

Камила Мүлік