Amazon смартфондар нарығына жаңа Transformer құрылғысымен оралады

Фото: washingtonpost.com

АСТАНА. KAZINFORM — Amazon компаниясы Fire Phone гаджетінің сәтсіздігінен кейін 10 жылдан астам уақыт өткен соң, Transformer кодтық атауымен жаңа смартфон шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Reuters.

Құрылғы Alexa дауыстық көмекшісімен біріктіріліп, Amazon өнімдері мен контенті үшін жеке арнаға айналады.

Amazon компаниясының алғашқы смартфоны Fire Phone 2014 жылы таныстырылды. Оның негізін қалаушы Джефф Безостың Apple және Samsung компанияларымен бәсекелесуге тырысқанына қарамастан, төмен сатылымға байланысты бір жылдан кейін тоқтатылды.

Дереккөздердің мәліметінше, жаңа Transformer телефонын Amazon компаниясының құрылғылар мен қызметтер бөлімі жасап жатыр. Ол Amazon.com дүкендеріне, Prime Video, Prime Music және Grubhub сияқты серіктестерден тағамға тапсырыс беруге қол жеткізуді жеңілдететін, Alexa-мен синхрондалатын жекелендірілген мобильді құрылғы ретінде жасалған.

Жобаны өткен жылы серпінді гаджеттерді әзірлеу үшін құрылған ZeroOne тобы басқарады. Топ жетекшісі Джей Аллард бұрын Microsoft корпорациясында жұмыс істеген және Zune мен Xbox-ты құруға қатысқан.

Жаңа смартфон жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланады деп жоспарланып отыр. Бұл дәстүрлі қолданбалар дүкендеріне тәуелділікті азайтуы мүмкін. Alexa негізгі функцияға айналады, бірақ құрылғының негізгі операциялық жүйесі болмайды.

Жобаның шығу күні мен қаржылық мәліметтері туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ. Amazon өкілдері бұл жөнінде айтуды жөн көрмеді.

Айта кетейік, ақпанда Amazon сатылым бойынша Walmart-ты басып озды.